Бензин 400 теңгеге дейін өсуі мүмкін бе

Фото: auto.ru
Елімізде АИ 92 бензині мен дизельдік отынға бағасына қойылған мемлекеттік шектеу алынып тасталды.
Дегенмен, жанармай бекеттерінде баға әлі өсіп үлгерген жоқ. Бұрынғы 205 теңгеден сатылып жатыр. Алайда халық бағаның күрт өсуіне алаңдап, көліктеріне толық жанармай құйып дайындалып кетсе керек.
Кәсіпкерлер арзан бағамен алған бұрынғы бензинді сатып тауысқан соң барып жаңа бағаға көшуі мүмкін.
Энергетика министрлігі «баға бірден секірмейді, айына бес теңгеден ғана қосып отырамыз» деген. Бес теңгенің өзі оңай болмайды, дегенмен, бейімделгіш халық бұған да көнеді.
«Бензин қымбаттаса, газ қымбаттаса жаппай электр көліктеріне көшетін шығармыз. Немесе гибрид аламыз. Жоқ дегенде малолитражкалардың дәурені келеді. Көшеден «бесжеті» немесе «двухсоткі» көре қалсақ, әм артқы әйнегінде «газ» деген жапсырмасы болмаса «оһ, олигарх кетіп барады» деп таңғалатын сияқтымыз», — дейді Алмас Алтай.
Tesla қымбаттау болады ғой, жаппай zeekr алатын болармыз, сірә. Қытайың тиіп тұр дегендей.. Бензин қымбаттаса қымбаттасын, АЭС салғалы жатырмыз, мүмкін электр арзандайтын шығар.
Айта кетейік, Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев ақпан айынан бастап бензин, дизель, сұйытылған газ бағасы өсетінін мәлімдеді. Жаңа баға енгізілгеннен кейін бұл шешім көлік иелерінің шығындарына қалай әсер ететінін уақыт көрсетеді.

Бензин 400 теңгеге дейін өсуі мүмкін бе

Енді жанар-жағармай өнімін нарықтың өзі реттейді. Демек демалыс күндері жанармай құю бекеттерінен АИ-92 210 тг сомасын көріп қалуымыз бек мүмкін. Бензин 400 теңгеге дейін баруы мүмкін бе?

«Қазір біздегі реттелетін шекті баға АИ-92ге 205 тг. Бағаны ырықтандырумен байланысты таза нарықтық тетіктер тұрғысынан қарасақ ол кем дегенде көрші нарықтардағы бағамен теңесуі тиіс. Атап айтқанда Ресей. Ондағы баға шамамен 290-300 тг. Дей тұрғанмен бұндай тәуекелді ескере отырып, Үкімет бағаның күрт өсіп кетуіне жол бермес үшін әкімшілік, нормативтік шаралардың барлығын қолға алады. Инфляция деңгейі де ескеріледі», — деді Алмасадам Сәтқалиев. 

Шығыстағы көршіміздің электр көліктерін неге көптеп шығара бастағанын бензин бағасынан аңғаруға болады. 92-ші маркалы отын Хайнаньда 666, Шанхайда 617, Шыңжанда 569, ел астанасы Бейжіңде 582 теңге. Соңғы 20 жылда бензин бағасы Қытайда 200 пайызға қымбаттаған.

Ал көрші елдердегі бағаларға келсек. Бізде АИ-92-нің литрі – 205 теңге тұрса, Ресейде ол 312, Қырғызстанда 385, Өзбекстанда 489 теңгеден саудалануда. Дизель отынының бір литрі бізде 295, Қырғызстанда 427, Ресейде 355 және Өзбекстанда 528 теңге.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев келесі айдан бастап бензин бағасы өседі, алғашқыда ол 5 теңгеден аспайды деп сендірді. Егер бірден 30 теңгеге қымбаттап кетсе, монополияға қарсы орган келіп сәлем беріп кетеді.