Қазақстан Үкіметі 2026–2028 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде қаржылық “диетаға” отырғалы отыр. Енді артық семинар, сәнді көлік, әкімшілік ғимарат пен консультанттарға жұмсалатын миллиондар қысқармақ. Тіпті бюджетті толықтыру үшін ұрланған миллиардтарды кері қайтарып жатыр, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Үнемдейтін күнге де жеттік
«Семинар өткіздік, форумға бардық, көлік алдық, кеңсе салдық» деген сылтауларға ақша шашылмайды. Шенеуніктер енді шығындарды шындап сүзгіден өткізуі керек. Нақтырақ айтқанда, енді консалтинг қызметтер, әкімшілік ғимараттар, қызметтік көліктер, түрлі көрме, жиын, конференцияларға жұмсалатын миллиондар – қысқарту тізімінде тұр. Бұл бастама туралы Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин төрағалық еткен кеңесте айтылды.
– Республикалық бюджет туралы және жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы заң жобаларын қалыптастыру жұмысы жаңа Бюджет кодексінің ережелерін ескере отырып жүргізілуде. Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері мемлекеттік органдармен және өңірлермен бірлесіп, құжаттарды әзірлеуді бастап кетті. Бұған дейін республикалық бюджеттен бөлінген мақсатты трансферттердің жергілікті бюджеттердің шығыс базасына сәйкестігі де қайта қаралуда – делінген министрліктің хабарламасында.
Үнемдеу жұмыстары 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын әзірлеу кезінде жүзеге асады. Бұл ретте жаңа Бюджет кодексінің талаптары ескеріледі. Сонымен қатар бұған дейін жергілікті бюджеттерге бөлінген трансферттердің тиімділігі де қайта қаралмақ. Жұманғарин министрлер мен әкімдерге бюджетті талдауды жеделдетуді тапсырды. Себебі Президен Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Қазір белді буатын уақыт келді. Тек маңызды мәселелерге ғана қаржы бөлінуі керек. Бос шашылуға жол жоқ», деп кесіп айтқан болатын.
Ұрылардың ұрты толмайтын болды
Шығын қысқарғанымен, кіріс жағы да назардан тыс емес. Кейінгі екі жылда мемлекет пен квазимемлекеттік секторға 1 триллион 130 миллиард теңгеден астам актив қайтарылған. Оның ішінде 300 миллиард теңгеге жуық қаражат шетелдерден – Австрия, Лихтенштейн, БАӘ мен Түркиядан – қайтқан. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ресми өкілі Данияр Бигайдаровтың айтуынша, активтер тек ұрлаған адамның өзінен емес, олардың туыстары мен таныстарының атына тіркелген мүліктерден де табылған.
– Қылмыстық жолмен алынған ақшалар мен мүліктерді іздеу ел ішінде де, шетелде де жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатта Қаржы мониторингі агенттігінің қаржылық барлау бөлімшесімен және халықаралық серіктестермен тығыз байланыс орнатылған. GlobE, CARIN, ARIN секілді бейресми байланыс арналары қолданылады. Бұл активтерді жедел анықтап, қайтаруға мүмкіндік береді. Мұндай жұмыс өңірлік департаменттерде де іске асып жатыр. Мысалы, бір шенеунік ұрланған ақшаға электромобиль алып, оны жұбайының атына тіркеген. Ал басқа облыста жұмыссыз туысқанының атына екі пәтер мен көлік рәсімдеген, – деді ол брифингте.
Қысқасы…
2026 жылдан бастап Қазақстан бюджеті сән-салтанатқа емес, нақты қажеттілікке жұмсалуы тиіс. Бюджет шығынын қысқартып, ұрланған қаражатты елге қайтару – бір жағынан үнем, бір жағынан әділдік. Бірақ басты сұрақ – бұл қадамдар шынымен де жүйелі өзгерістерге ұласа ма, әлде тағы да уақытша науқан болып қала ма? Ал әзірге Үкімет семинардың орнына есепті, джиптің орнына жауапкершілікті, ал «понттың» орнына нақты нәтиже таңдауға уәде беріп отыр. Күтеміз.
Елриза САЛЫҚҚЫЗЫ
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру