«Баян Мақсатқызы жайлы айтарым көп». «Қазақ аруы» атанған Ақкербез біраз дүниенің бетін ашты

Фото: Massaget.kz коллажы

Биыл «Қазақ аруы-2024» байқауы көптің назарын аударып, тарихта болмаған жағдайлармен жұртты таңғалдырды. Massaget.kz байқау жеңімпазы атанған қызылордалық ару Ақкербез Ысқаққызымен сұхбатты жариялады, — деп жазады ozgeris.info.

«Қазақ аруы» байқауы биыл бұрынғыдан өзгерек болды. Біріншіден, әділқазы тек көрермендер болды. Өткен жылдардағыдай аруларды медиа өкілдерден құралған топ бағаламады. Екіншіден, толық төрелікті халыққа берген продакшн дауыс беруді екінші рет өткізген еді. Бұл нәрсеге арулардың көзқарасы қалай екеніне жауап берді.

«Осы жылдың басында «Сыр аруы» атанғаннан кейін Қазақ аруына жолдама берілді. Сол уақыттан бастап психологиялық тұрғыда дайындалып жүрдім. Ал бірге қатысатын қыздармен 2 ай көлемінде дайындалдық. Қолдау білдірген барша жанға алғысымды білдіремін. Ал дауыс беруге келер болсақ, өте қатты қобалжыдым. Бірнеше рет жылап та алдым. Меніңше, дауыс берудің қайта болғаны дұрыс болды. Себебі расымен бот мүлдем істемеді. Егер сол күйі қалғанда көбі мені мойындамауы да мүмкін еді. Сондықтан Баян Мақсатқызы екінші рет дауыс беруге мүмкіндік ашып, өте дұрыс шешім шығарды».

Баян Мақсатқызының жобасы биыл халықтың сынына қалды. Қатысушы арулардың продюсерге көзқарасы қандай екенін айтты.

«Баян Мақсатқызы жайлы айтарым көп. Біз үшін өмір мен өнер жолындағы ұстазымызға айналды. Ол кісіден үйренеріміз жетеді. Дайындық барысында да үнемі ақылын айтып, бізді үлкен өмірге дайындады. Сол үшін де Баян Мақсатқызына алғысым шексіз», — деді ол.