Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Казталов ауданы орталығы Казталов ауылында «Бесеудің хаты» ескерткіш тақтасы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне қатысқан аудан әкімі Асланбек Сарқұловтың мәлім еткеніндей, 2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде тапсырмасына сәйкес өңірлік комиссиялар құрылған.
«Өңірлік комиссия жұмысына Казталов ауданының азаматтары да өз үлестерін қосты. Бұл бағытта арнайы жинақтар басылып шықты. Осы арқылы тарихтың жаңа бір тынысы ашылып, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей болды. Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық тақырыбын қозғаған кезде «Бесеудің хаты» ойға оралары анық. Хатта Казталов ауданынан түлеп ұшқан мемлекет және қоғам қайраткері Мансұр Ғатаулиннің де қолтаңбасы болуы – біз үшін мақтаныш. Бүгін, міне, өлке тарихын түгендеп, арыстарын жоқтаған Серік Жұмағалиев, Уәлиолла Әбішев сынды азаматтарымыздың бастамасымен, халықтың қолдауымен «Бесеудің хаты» ескерткіш тақтасы ашылып отыр. Аталған азаматтарға, қолдау көрсеткен жандардың бәріне шынайы ризашылығымды білдіремін», — деді А.Сарқұлов.
Аудан орталығындағы «Жеңіс» саябағында бой көтерген ескерткіштің ашылу барысында С.Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығы жанындағы халықтық театры «Бесеудің хаты» қойылымы арқылы хат авторлары Ғабит Мүсірепов, Емберген Алтынбеков, Мансұр Ғатаулин, Мұташ Дәулетқалиев, Қадыр Қуанышевтің ерлігін көпшілік назарына ұсынды.
Еңбек ардагері Уәлиолла Әбішевтің айтуынша, «Бесеудің хаты» ашаршылыққа байланысты жазылғаны мәлім.
Оны Қазақстан халық жазушысы Шерхан Мұртаза тарихи драмасына арқау етті.
Сондай-ақ казталовтық қаламгер, Қазақстанның құрметті журналисі Серік Жұмағалиев арнайы мақала жазды.
Ескерткіш тақта академик, суретші Мақсұт Исмағұловтың жобасы бойынша жасалды. Бұл классикалық тұрғыдан қарағанда, ақ пен қараның үйлесімділігін байқатады.
Ал хат авторларының есімі жазылған тақта бір жағы жерде, бір жағы көкке ұмтылған құстың қанаты іспеттес.
Дәлірек айтқанда, зобалаң жылдарды басынан өткеріп, жарқын болашаққа ұмтылған халықтың арманы десе болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жайлы жаңа кітаптар таныстырылғанын жазған болатынбыз.
ПІКІР ЖАЗУ