Батыс Қазақстан облысында екі жасөспірім қарт адамды тонап кеткен. Күдіктілердің бірі оның өз немересі болып шықты.
16 қараша күні сағат 21:40-та Бәйтерек ауданы Приурал полиция бөлімінің кезекшісіне қоңырау келіп түскен. Жедел оқиға орнына аттанған полиция тобы жол бойынан екі жігітті байқаған. Алайда олар полиция қызметкерлерін көріп, қашып кеткен.
Полиция қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізу барысында белгісіз екі жігіттің егде жастағы ерлі-зайыптылар тұратын үйге кіріп, ер адамға дене жарақатын салып, оны тонап, 190 мың теңге көлеміндегі ақшасын ұрлап кеткенін анықтады.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде полиция қызметкерлері 18 және 17 жастағы екі жігітті Дариян ауылында қолға түсірді. Оның бірі жәбірленушінің өз немересі болып шықты. Жауап алу кезінде тонауға барған екі жігіт сол күні Орал қаласынан Дариян ауылына қайтып келе жатқан жолда бірі-бірімен кездесіп, жәбірленушінің немересі қызға сыйлық сатып алу жоспарын досымен бөліскенін және бұған досы да келісе кеткенін жеткізді.
Ауылға жеткен жігіттер күдіктінің атасы мен әжесі тұратын үйге қарай бет алады. Немересі әжесінің сол уақытта жұмысқа кететінін алдын ала білген. Әйелдің жұмысқа кеткенін күткен немересі үйге терезе арқылы еніп, досының сыртта қалуын өтінген. Үйге кіріп ақша іздеп жүргенде атасы кіріп қалады. Сол сәтте ол шкафқа жасырынып үлгерген. Кенет атасы біреудің жүргенін байқап, сөйлей бастайды. Осы кезде немересі досына телефон арқылы ішке кіруін сұрайды.
Жүгіріп сыртқа шыққан атасының басына сүлгіні лақтырып, жерге жығып құлатып, қалтасындағы ақшаны алып, оқиға орнынан бой тасалаған», — делінген хабарламада.
Оларды ұстау кезінде 18 жастағы күдіктінің қалтасынан тапанша және жиналмалы пышақ, ал 17 жастағы немересінен ұрланған ақша табылып, тәркіленді. Қазіргі уақытта күдіктілер Бәйтерек аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қылмыстық кодекстің 192-бабы 3-бөлігі (Қарақшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
ПІКІР ЖАЗУ