«Бастық қой, қатты айта алмаймыз»: Күзетші «Аралтұз» басшысының ас тұзына дәрет сындыратынын мәлімдеді (ФОТО)

Фото: Жас Алаш

Jas Alash редакциясына «Аралтұз» акционерлік қоғамының жұмысшылары зауыт директорының тұзға дәрет сындырып тұрған видеосын жіберген, — деп хабарлайды ozgeris.info.

Жұмысшылардың айтуынша, басшының өзі осындай болған кәсіпорында тазалық талаптары сақталмайды. Қызметкерлердің айлығы аз, арнайы киім де берілмейді. Соның салдарынан жұмысшылар сырттағы әжетханаға барып келген аяқкиімімен цехта жұмыс істеп жүре береді. Біз бірнеше зауыт жұмысшыларына хабарласып, оқиғаның қалай болғанын, зауыттың қазіргі жағдайын анықтап көрдік.

Бізге жеткен видео алыстан түсірілген. Бір адамның тау-тау болып үйіліп тұрған тұздың жанына келіп тоқтап, біраздан соң қайта кетеді. Адамның бет-жүзі көрінбейді. Бірақ оның дәрет сындырғандай тоқтап, біраздан соң ышқырын көтеріп, ауын жапқандай әрекет жасағанын байқауға болады. Кәсіпорын жұмысшылары мұның зауыт директоры екенін, тіпті бұл жағдай бірінші рет болып тұрмағанын айтады.

Аралтұз
Аралтұз кәсіпорны Қызылорда облысы Жақсықылыш кентінде орналасқан. Фото: opennews.kz

«Аралтұз» директоры тұзға дәрет сындыруды әдетке айналдырған

«Аралтұз» АҚ-ның күзетшісі Мейрамбек Баубековтің айтуынша, зауыт директоры бірінші рет тұзға дәрет сындырып тұрған жоқ. Бірнеше рет жағдай қайталанған, оған тұзға дәрет сындыруға болмайды деп ескертілген де екен. Бірақ зауыт басшысы қол астындағы қызметкерлерінің сөзін құлағына да қыстырмаған. Ал мына видео таралып кететін кезде «не үшін тұзға дәрет сындырасыз?» деп директордан сұрағанда, ол қысылмай «осындай боп қалды» деп қана жауап берген көрінеді. Тіпті зауыт басшысы қазір күзетшілерді видео таралуына байланысты қудалап жатыр екен.

«Оған болмайды, жақын жерде әжетхана бар ғой» деген сияқты жұмсартып айттық. Бастық қой. Қатты айта да алмаймыз. Әйтпесе, шамамен 50 метр жерде әжетхана бар. Соған бармайды. Тұз деген ас қой, асқа дәрет сындырғанды қалай түсіндіресіз. Енді соны айтқан едім. Мені қудалап жатыр. Негізі мен күзеттің ауысым бастығымын. Бекеттегілерге тиіседі. Күзеттегі жігіттерге ескертіп, бірдеңелерді айта береді. Қысқасын айтқанда, бізден ілік іздеп жатыр. Күзет бекетіне адам кіруге болмайды. Қараңғыда барып бөлмені түсіріп алып, «ішіне адам кіріп кетті» деп айтады. Бізде де аз-маз кемшілік бар ғой. Кей жігіттер байқамай ішке адам кіргізеді. Сондай кезде белгіленген айыппұлдарды бізге салғысы келеді. Бұл бір жағдай емес, жұмыста күнде айғай-шу, «жұмыстан өз еркіңмен кет» дейді, мен «кетпеймін деймін». Осылай қысым жасалып жатыр», – дейді Мейрамбек Баубеков.

Мейрамбек бұрын ішкі істер саласында жұмыс істеген. «Заңды білемін, сауатым болғаннан кейін ғана жүрген шығармын, менің орнымда басқа біреу болғанда баяғыда жұмыстан шығарып жіберетін еді. Қазір маған қатысы жоқ заңбұзушылықтарды да менің ауысымымдағы күзетшілерге аударғысы келеді, күні, айы жоқ фотоларды жібереді», – дейді күзетші.

Аралтұз
«Аралтұз» зауытының жұмысшылары редакцияға жіберген суреті

Зауытта тазалық сақталмайды

Зауыт жұмысшылары бізге ашық түрде сұхбат беруге келіскен еді. Бірақ кейіннен «жұмыста осы видеоға қатысты қысым қатты болып жатыр» деп сұхбат беруден бас тартты. Тек бір ғана жұмысшы аты-жөні айтылмаса ғана зауыттың қазіргі жағдайын айтып беруге келісті. Сондықтан біз жұмысшының аты-жөнін ашық-түрде жария етпей, тек оның айтқан мәліметтерін ғана бердік. Сонымен, атын атамауды өтінген зауыт жұмысшысының айтуынша, Серік Қабдыкешов зауытқа басшылыққа келгелі бері мәселе көбейіп кеткен. Кейбір қызметкерлер жұмысынан шығарылған. Қазір кәсіпорында автократия үстем құрған көрінеді. Қит етіп, бас көтерген қызметкер бірден жұмысынан айырылатынға ұқсайды.

«Көп адам біздегі проблеманы айтқысы келеді. Бірақ сөйлегендер бірден жұмысынан айырылады. Қазір білесіз, заман қиын, бәріміздің басымызда бірнешеден несие бар, бала-шағаны асырау керек. Сондықтан көбі бар жұмысынан айырылғысы келмейді. Президент Алматыда, бас кеңсе де сонда. Бірақ жанайқайымыз оларға жетпейді. Жұмысшылардың жағдайы мәз емес. «Тапсырыс азайды» деп осыдан төрт-бес ай бұрын қысқарту болатынын айтты. Сондықтан бәрі қазір бірнәрсе айтпақ түгілі, жұмыстан қысқартылып кетеміз бе деп қорқып жүр. Тазалыққа қатысты да мәселеміз бар. Біздің ұранымыз – «Сапалы өнім беру!». Бірақ тазалықтың сақталмайтыны өтірік емес. Мысалы, әжетханаға барған қызметкерлер сол аяқкиімімен келіп жұмыс істей береді. Бізде тамаққа қосылатын тұз өндіріліп жатыр емес пе? Бұл жерде тазалық бірінші орында болуы керек», – дейді ол.

Аралтұз
«Аралтұздың» ұраны – сапалы өнім беру. Зауыт жұмысшылары жіберген сурет

Зауыт жұмысшысының бұл сөзін күзет бастығы Мейрамбек те дұрыс дейді. Оның айтуынша, әжетханаға барып келген аяқкиімімен цех қызметкерлері жұмыс істей береді екен. Ол зауытта тазалық аса қатты сақтала бермейтінін айтады.

«Негізі зауыт жұмысшыларына арнайы киім берілуі керек. Бірақ ол бізде жоқ. Жұмысшылар үйінен келген аяқкиімімен жұмыс істеп жүре береді. Тіпті сырттағы әжетханаға да сонымен барады. Зауыт ішінде гигиеналық талаптар қарастырылмаған. Қызметкерлер сыртқа шығу үшін басқа киім кию керек, іште басқа киіммен жүру керек. Сырттағы әжетханада да тазалық сақталады деп айта алмаймын», – дейді күзетші.

Аралтұз
Аралтұздың ғимараттары. Зауыт жұмысшылары жіберген сурет

Тұз өндіру денсаулыққа айтарлықтай әсер етеді. Себебі тұз шаңы өкпеге оңай кіріп, тыныс алу жолдарының проблемалары – созылмалы өкпе ауруларының өршуіне әкеледі. Зауыт жұмысшылары мұны біледі. «Аралтұздағы» жұмысшылар өздері «ақ шаң» деп атап кеткен, тұз шаңының астында жұмыс істеуге мәжбүр екенін айтады. Бұдан бөлек, «Аралтұз» АҚ басшылары зауыттағы 1200 жұмысшыға сүт береміз деп есеп береді екен де, іс жүзінде 80 адамға ғана сүт беріледі екен. Ал бастықтардың кеңсесі басқа жерде, зауыттан 500 метрдей алыста көрінеді. Жұмысшылардан сұрап білгеніміз, жұмысшыларға денсаулығына қатысты 13-айлық беріледі. Бірақ қазір денсаулығына байланысты және қараша-желтоқсанда еңбек демалысына шыққандарға 13-айлық берілмейді деп айтылып жатыр екен.

«Бұл ауыр жұмыс қой. Күні бойы тұздың шаңын жұтып жүресің. Оқыған-тоқыған адам мұндай кәсіпке бармайды. Адамдар жұмысқа мұқтаж болғасын осындай жұмыс істеуге мәжбүр болады. Ал қараша-желтоқсанда еңбек демалысына шыққандарға 13-айлық берілмейді деп еңбек шартында жазылмаған», – дейді зауыт жұмысшысы.

Мейрамбек те зауыт жұмысшыларының барлығына айран-сүттің берілмейтінін растады. Зауыт ішіндегі белгілі бір ғана топқа құрғақ сүт таратылады екен.