Егер Ресей Қазақстанға Кенесарының мылтығын қайтаратын болса, Жириновский ескерткішін Алматыдағы өзі оқыған мектеп маңына, не тұрған үйіне тақта ретінде қоюға болар еді. «Кеше біршама қоғам белсендісі бас қосқан шағын бейресми отырыста осындай идея талқыланды», — дейді, DALA INSIDE дереккөзі.
«Кенесары мылтығының құндылығы, әсіресе ұлттық рухқа берер аурасы өте жоғары. Ресей оны осы уақытқа дейін қайтармай келді. Жириновский ескерткішін алға тартып, амалын тауып мылтықты қайтарсақ, жаман болмас еді», — дейді, дереккөз.
Неге бас емес, мылтық?
Қазақтың соңғы ханы Кенесарының бас сүйегі нақты қайда жатқанын ешкім білмейді. Ресей 1994 жылдан бері Қазақстан тарапынан бірнеше мәрте жіберілген барлық мемлекетаралық ресми сауалдарға «бізде мұндай бас сүйек жоқ» деген ресми жауап беріп келді. Протокол бойынша біз ресми жоқ нәрсені сұрай алмаймыз.
Ал жалпы оның қайда жатқаны туралы дәлелденбеген қауесеттер көп. Оның ішінде темекі күлсалғышы ретінде Кунсткамера немесе Эрмитажда сақтаулы тұр, Омбы мұражайындағы арнайы қоймада жатыр деген нұсқалар жиі кездеседі. Өкінішке орай, нұсқалардың бір де бірін растайтын құжат та, нақты дерек те жоқ.
Кенесарының мылтығы бойынша әңгіме басқа. 2014 жылы Қазақстан Үкіметі ханның бас сүйегін іздестіруге арналған арнайы жобаны қолға алып, жобаға тарихшы, профессор Хангелді Әбжанов жетекшілік етті. Бірақ бас сүйек табылмады. Тек жоба аясында Омбыдағы тарихи-өлкетану мұражайының арнайы қорында Кенесарының мылтығы сақталып тұрғаны анықталды. Бірақ сол кезде экспедиция мылтықты елге қайтара алмаған еді.
Енді Жириновский факторын пайдаланып, мылтықты саудалап алсақ деген ойлардың туатыны заңды. Мұражайдың мүлкін, тарихи жәдігерлерді ел аумағынан шығаруға қатаң тиым салған Ресейдің арнайы заңы бар. Ол заңды бұзуға мұражай директоры түгіл, Омбы губернаторы да бара алмайды. Сондықтан бұл тек Мишустин сынды премьер-министрлер деңгейінде шешілетін мәселе.
Өткен аптада ресейлік біршама ақпарат құралдары марқұм Владимир Жириновскийге ескерткіш орнатылатыны туралы хабар таратты. ЛДПР партиясының көсеміне арналған ескерткіштер 2026 жылы Ресейдің бірнеше қаласында, сондай-ақ саясаткер туған Алматы қаласында ашылуы мүмкін екені айтылған. Бірақ Алматы қаласы мәдениет басқармасы ондай өтініш түспегенін мәлімдеген еді.
ПІКІР ЖАЗУ