Бақытты елдердің барлығында салық өте жоғары

Фото: askarbekov
Халқы бақытты елдердің картасы жарияланды. Байқауымызша, бақытты елдердің барлығында салық өте жоғары.
Мәселен Еуропаның солтүстігіндегі барлық мемлекетті алсақ та болады. Сонымен қатар бақыттылар қатарында АҚШ, Канада, Австралия, Жаңа Зелендия тұр.
Салықтың жоғары болатыны әлбетте ешкімге ұнай қоймас. Десе де аталған елдердің тұрғындары мұндай жоғары салықты төлеуге қарсы емес. Себебі ауыл тұрғындарының да, қалалықтардың да өмір сүру деңгейі бірдей һәм жоғары. Әлеуметтік мәселелері шешілген, үкіметке деген сенім бар.
«Ал бізде әзірге ауыл мен қала халқының тұрмысы екі бөлек. Халық биліктегілерге тұтастай сенбейді. Қосымша құн салығын өсіремін деген бастамаға әлі ерте деп ойлаймын. Мысалы мен тұратын елде қарапайым шелпек сататын дүңгершік бар. Бағасы 1500-2000 теңге айналасында. Сатушысынан бұл ақшадан қанша салық төлейсің деп сұрадым. Пайдамнан 2 пайыз, қосымша құн салығы 27 пайыз, әлеуметтік салық  13 пайыз деп жауап берді», — деп жазды блогер Асқар Беков.
Әлбетте Қазақстанның «бақыттылар тізіміндегі» көрсеткіші орташадан жоғары. Жақсы болуына бәріміз мүдделіміз. Сондықтан үкіметіміз алдымен тұрғындардың әлеуметтік жағдайын теңестірсе һәм өсірсе, болашақта жоғары салық төлеуден ешкім қашпас.