«Банк Астана» негізін қалаушы Олжас Тохтаров 10 жылға сырттай сотталды

фото: MNU

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, АО «Банк Астана» директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы әрі негізгі акционері Олжас Тохтаров банктің ақшалай қаражатын агенттік қызмет көрсету түрінде жымқырып, Алматы қаласындағы бизнес-орталықты банкротқа дейінгі кезеңде өзінің бақылауындағы компанияға заңсыз өткізу арқылы иемденгені үшін кінәлі деп танылды. Ол сырттай 10 жылға бас бостандығынан айырылып, жалпы сомасы 14 млрд теңгеден асатын тұрғын үй, әкімшілік және өндірістік нысандар, құрылыстар, жер телімдері, бағалы қағаздар мен криптовалюта түріндегі мүлкі тәркіленді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты КазТАГ агенттігіне сілтеп.

2025 жылғы 22 сәуірде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты «Банк Астана» АҚ-ның бұрынғы топ-менеджменті мен қызметкерлеріне қатысты үкімді жариялады.

Сотта филиал, бөлім және менеджерлер деңгейіндегі бұрынғы басшылар да кінәлі деп танылды. Алайда олар тергеу органдарымен және сотпен ынтымақтастық танытып, кінәсін мойындап, заңсыз әрекеттерді ашуға көмектескендіктен, оларға бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындалды.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Тергеу барысында анықталған мүліктердің Тохтаровқа тиесілі екені дәлелденген. Олардың бір бөлігі аффилиирленген тұлғалардың атына рәсімделген.

2024 жылғы 25 қыркүйекте агенттік Тохтаровты жауапқа шақырған. Алайда оның шетелде жүргені хабарланған. 2025 жылғы 13 сәуірде бұл іс сотта қаралып жатқаны белгілі болды.

Айта кетейік, 2018 жылдың сәуірінде сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «ЭксимБанк», «Банк Астана» және Qazaq Banki-дің жұмысын «масқара» деп атап, олардан қаражатты қайтаруды талап еткен болатын.

Сол кезде «ЭксимБанк» пен Qazaq Banki елдің бұрынғы элитасы — Назарбаевтың қызы Дариға, күйеубаласы Қайрат Шәріпбаев, олигархтар Александр Клебанов пен Дінмұхаммед Ыдырысов (экс-мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің құдасы), сондай-ақ марқұм Болат Назарбаевпен байланыстырылған.