Елімізде балық өсірумен айналысатын шаруашылықтар саны артып келеді. Бұл туралы АШМ Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Нариман Жүнісов айтты.
«2020 жылмен салыстырғанда балық шаруашылықтарының саны 2,5 еседен астамға өсіп, 500-ден асып отыр. Балық өсіру көлемі де 9 мың тоннадан 20 мың тоннаға дейін ұлғайды. Балық шаруашылығына жеке инвестицияның да тұрақты өсіп келе жатқаны байқалады. Мәселен, 2021 жылы салаға 6,1 млрд теңге инвестиция салынса, өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 22 млрд теңгеге жетті», — деді комитет төрағасы Мәжілістегі «Аквашарушылық туралы» заң жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел отырысында.
Оның атап өтуінше, балық шаруашылығы табысты дамытудың маңызды факторы – бұл бастапқы кезеңде бизнеске субсидиялау және салықтық жеңілдіктер түрінде қолдау көрсету. Бүгінде балық шаруашылығының кейбір бағыттарын субсидиялау көзделген.
«2023 жылы субсидиялауға 4,1 млрд теңге қарастырылды. Бұл бір жыл бұрынғыкөлемнен 4 есеге көп. Осы жылға шамамен 4 млрд теңге қарастырылып отыр. Салалық бағдарлама аясында жыл сайын қаржы көлемі арта түсетін болады», — деді Нариман Жүнісов.
Фото: Түркістан облысы әкімдігі
ПІКІР ЖАЗУ