Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы дін ұстазы Қабылбек Әліпбайұлының «баласын тастап кеткен әйелді «шеше» деп атайды» деп айтқан сөзі туралы пікір білдірді.
Айта кетсек, бұған дейін әлеуметтік желіде Қабылбек Әліпбайұлының «ана» мен «шеше» сөздеріне қатысты ойы қызу талқыға түскен. Имамның сөзінше, баласын тастап кеткен әйелді «шеше» деп атаған. Ал «ана» білген-көргенін балаға арнайды дейді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Қабылбек Әліпбайұлының бұл сөзі ҚМДБ пікірі емес екенін мәлімдеді.
«Бұл азаматтың айтқан сөзі жеке өзінің ойы болар. Бірақ біз шеше мен ананы қадір тұтқан, қасиет тұтқан жандармыз. Оны кеңінен насихаттап келе жатырмыз. Бір адамның пікірі ол мүфтияттың пікірі емес. Осыны айқын біліп алуымыз керек. ҚМДБ әкеге қатысты, анаға қатысты көптеген уағыз айтып жүр. Қазақтың кез келген құндылығы біз үшін қасиет саналады. Шеше де, ана да бір ұғым. Шеше де, ана да адамды дүниеге әкелген ең ардақтысы. Біз оны әрқашан құрметтейміз», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Бас мүфтидің сөзінше, Қабылбек Әліпбайұлы республикалық ақпараттық насихат тобының мүшесі.
«Біз жақында ғана республикалық және жергілікті ақпараттық насихат тобының тұжырымдамалық құжатын әзірлеп, олардың қолдарына бердік. Уағыз барысында, халыққа дәріс өткізу барысында неге көңіл бөлнуі керек? Құжатта жазылған. Қабылбек ұстаз қазіргі таңда РАНТ мүшесі болып есептеледі. Бірақ қазір сапарда жүр. Ол азаматқа қатысты шешімдер қабылданады», – деді бас мүфти.
ПІКІР ЖАЗУ