Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева анонимді Telegram-арналарға қатысты қатаң пікір білдіріп, оларды жалған ақпарат пен қоғамды тұрақсыздандыратын хабарламалар таратумен айналысады деп айыптады, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі cmn.kz сайтына сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, бүгінде мұндай арналар жалған ақпарат, манипуляция мен арандатудың ошағына айналған. Бұл жағдай халықтың көңіл-күйіне тікелей әсер етеді, дейді ол.
«Бұған енді көз жұма қарауға болмайды. Біз осындай ресурстарды анықтап, бұғаттау бойынша нақты шаралар қабылдауымыз керек», – деді министр.
Балаева фейк ақпаратты әдейі таратқандардың жауапкершілігін күшейту қажет екенін айтып, анонимділік арандатушылар үшін қалқан болмауы тиіс екенін жеткізді.
«Ережелер нақты өмірде қандай болса, цифрлық кеңістікте де сондай болуы керек. Мысал ретінде қылмыстық бап бойынша ұсталған Qirsabyn арнасының әкімшілігін айтуға болады», – деді ол.
Сондай-ақ министр Telegram әкімшілігімен келіссөз жүргізетін уақыт келгенін атап өтті.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру