Оның айтуынша, бүгінгі күні облыс бойынша 168 483 контингенті бар жалпы білім беретін 405 мектепте мектепішілік 2833 үйірме бар, оларға 50858 оқушы барады. Ал 2975 спорттық секцияға 90118 (56%) оқушы тегін қатысады. Оның ішінде 1631-і ауылдық жерлерде орналасқан.


Облыстық білім басқармасы өткен жылдың аяғында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту мақсатында балаларды тегін үйірмелер мен секциялармен қамту мақсатында арнайы odoaktobe.kz порталын іске қосты. Қазіргі таңда порталда ниет білдірушілер үйірмелер мен ұйымды өздері таңдап, қажетті құжаттарын тіркей алады. Сондай-ақ порталда қалған орындар саны да көрсетіліп отырады.Спорттық секциялардың саны неге аз? 5 сәуір күні ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселесі қаралды.
Аталған отырыста Үкімет басшысы мемлекеттік тапсырыс аясында спортпен шұғылданатын балалардың ең көп үлесі Алматы қаласы мен Алматы облысында тіркелгенін, соңғы орындарда Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстары тұрғанын айтты.Әлихан Смайылов Мәдениет және спорт министрлігіне Білім және ғылым министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, жергілікті бюджеттен қосымша қаражат бөлу арқылы балаларды тегін спорттық секциялармен қамтуды ұлғайтуды тапсырды. Біз облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының бас маманы Әділбек Ділжановтан биылғы жылы бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылғанын сұрадық.
— Бүгінгі күні облыста 4-17 жас аралығындағы 179 530 бала бар. Оның ішінде 110 189 бала әртүрлі спорттық секциялармен қамтылған. Біз мемлекеттік шығармашылық-спорттық тапсырыс бойынша жан басына шаққандағы қаржыландыруға жататын спорт түрлерін сараладық. Нәтижесінде ақылы түрде қызмет көрсетіп отырған 18 спорт түрі анықталды. Олардың қатарында бокс, баскетбол, дзюдо, көркем гимнастика, шағын футбол, еркін күрес, қазақша күрес, тағы басқа спорт түрлері бар. Биыл Мәдениет және спорт министрлігінің әдістемесіне сәйкес жан басына шаққандағы қаржыландыру шеңберінде 12 мың баланы тегін спорттық секциялармен қамту қарастырылып отыр. Қазіргі таңда мемлекеттік шығармашылық-спорттық тапсырыс бойынша облыста 8336 бала спорттық секцияларға тегін қатысып жүр, — дейді ол.Ақтөбе қаласындағы «Judoka Aktobe» клубы балаларды дзюдаға үйретеді. Қазір бұл клубта 6 топта 120-дан астам бала жаттығады. Секцияға 5-12 жастағы балалар қабылданады. Бүгінгі күні мұнда 90 бала ақысыз жаттығып жүр.

— Баламды дзюдоға аптасына үш рет апарамын. Бүгінге дейін бірнеше мәрте жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанды. Қазір алдағы жексенбіде өтетін жарысқа қызу дайындалып жатыр. Әбілқайыр болашақта спортшы болуды армандайды. Біз оған бұл арманына жету үшін көп жаттығу керектігін үнемі айтып отырамыз. Жалпы жыл сайын балаларымыздың бірнеше үйірмеге тегін қатысуына мүмкіндік жасалса, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі баланың бос уақытын тиімді өткізуі өте маңызды, — дейді Әбілқайыр Аманбайдың анасы Балбөбек Баекенова. Ол қызы Айзере де биыл бейнелеу өнері мен би үйірмесіне тегін қатысып жүргенін айтады.Р.S. Баланың шығармашылық қабілетін дамыту, оны спортқа баулу қай кезде де маңызды. Бұл оның жан-жақты өсіп жетілуіне, болашақта бойындағы таланты мен белгілі бір салаға деген икемінің қалыптасуына зор септігін тигізеді. Ал дарынды оқушыдан білімді, білікті маман шығады. Сондықтан қазіргі таңда мемлекет тарапынан балаларды тегін үйірмелермен, секциялармен қамтуға көп көңіл бөлінуде. Ендігі кезекте ата-аналар балаларын қосымша білім беруге барынша бағыттап, олардың шығармашылық қабілетін дамытуына ерекше назар аударуы керек.
Д.БАЙМҰҚАШ,
"ozgeris.info".