Балаңыз тегін үйірмелер мен секцияларға бара ма?

Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында балалардың спорттық және шығармашылық әлеуетін дамытуға ерекше назар аудару керектігін айтқан болатын. Осы ретте былтыр елімізде шығармашылық тапсырыс бойынша жаңа бастамалар жүзеге асырылып, балалардың қабілетін арттыру, бойындағы дарыны мен жеке қасиеттерін дамыту, бос уақытын тиімді өткізуге ерекше мән берілді. Биылғы оқу жылында Ақтөбе өңірінде балаларды тегін үйірмелермен қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен 5 мың орынға арнайы қаражат бөлінді. Сондай-ақ 2022 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыс көлемін арттыру жоспарланып отыр.

Қосымша білім беру жүйесімен барлығы 126 220 оқушы қамтылған

Ақтөбе облыстық білім басқармасының қосымша білім беру және тәрбие жұмыстары бөлімінің басшысы Асхат Ізбасардың айтуынша, қосымша білім беру балалардың шығармашылық әлеуетін, қоғамға бейімделу дағдыларын дамытады және бос уақытын тиімді әрі қызықты өткізуге мүмкіндік береді. Бүгінде облыста қосымша білім беру жүйесімен барлығы 126 220 (78,5%) оқушы қамтылған, оның ішінде 23,7%-ы — елді мекендердегі оқушылардың үлесі.

— Облыста балаларға қосымша білім беруде тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, оның ішінде қосымша білім беретін мекемелер жүйесін дамыту — бүгінгі өзекті мәселелердің бірі. Облыстағы балаларға қосымша білім беру жүйесі ғылыми-техникалық, көркем-эстетикалық, экологиялық-биологиялық, туристік-өлкетанушылық, әскери-патриоттық, әлеуметтік-педагогикалық, спорттық бағытта білім береді. Қазіргі таңда өңірде қосымша білім беретін 48 ұйымда 36 896 (29,2%) бала қамтылған. Аталған ұйымдарда 807 үйірме жұмыс жасайды. Қамтылғандардың 19521-і (53%) ақысыз, 17375-і (47%) ақылы үйірмеге барады.

2020 жылы Алға, Ырғыз, Қарғалы аудандарында аула клубтары ашылып, бұл ұйымдарда тегін үйірменің 25 түрімен 666 оқушы қамтылып отыр. Сондай-ақ қазіргі таңда Шығармашылық академиясының базасында технопарк және бизнес-инкубатор желісі жұмыс жасап тұр. 2025 жылға дейін Ақтөбе қаласындағы Оқушылар сарайы, Жас натуралистер станциясы базаларында және Алға ауданында технопарк ашу жоспарлануда, — дейді А.Ізбасар.

Оның айтуынша, бүгінгі күні облыс бойынша 168 483 контингенті бар жалпы білім беретін 405 мектепте мектепішілік 2833 үйірме бар, оларға 50858 оқушы барады. Ал 2975 спорттық секцияға 90118 (56%) оқушы тегін қатысады. Оның ішінде 1631-і ауылдық жерлерде орналасқан.

—  Өткен жылы «Білім туралы» Заңға енгізілген толықтыруларға сәйкес, балаларға қосымша білім беру үшін мемлекеттік тапсырыс институты енгізілген болатын. Мемлекеттік тапсырыс жекеменшік ұйымдарға да бөлініп, көп шығынды қажет етпей-ақ балалардың секцияларға, үйірмелерге және басқа да дамыту орталықтарына баруына қатысты мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік береді.

Былтыр «Ақтөбе облысы бойынша балаларға қосымша білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын бекіту туралы» облыс әкімдігінің 2021 жылғы 25 қазандағы №352 қаулысы негізінде бір балаға қызмет көрсетудің орташа құны 14 442 теңге көлемінде бекітілді. Биыл балаларды секциямен, үйірмемен және басқа да дамыту орталықтарымен қамту мәселесі мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқылы шешіліп отыр. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 5 мың орынға қаражат бөлініп, мемлекеттік тапсырыс 3 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды бір секцияға (үйірмеге) тегін орналастыру қарастырылды. Атап айтсақ, бүгінде облыс бойынша ғылыми-техникалық бағытта — 13, көркем-эстетикалық бағытта — 13, дене тәрбиесі-спорттық бағытта — 12 үйірме, тарихи-өлкетану бағытында 2 үйірме балаларға тегін қосымша білім беруде. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған үйірмелер де қарастырылған, — дейді бөлім басшысы.

Облыстық білім басқармасы өткен жылдың аяғында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту мақсатында балаларды тегін үйірмелер мен секциялармен қамту мақсатында арнайы odoaktobe.kz порталын іске қосты. Қазіргі таңда порталда ниет білдірушілер үйірмелер мен ұйымды өздері таңдап, қажетті құжаттарын тіркей алады. Сондай-ақ порталда қалған орындар саны да көрсетіліп отырады.

 

Спорттық секциялардың саны неге аз?

5 сәуір күні ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселесі қаралды.

Аталған отырыста Үкімет басшысы мемлекеттік тапсырыс аясында спортпен шұғылданатын балалардың ең көп үлесі Алматы қаласы мен Алматы облысында тіркелгенін, соңғы орындарда Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстары тұрғанын айтты.

Әлихан Смайылов Мәдениет және спорт министрлігіне Білім және ғылым министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, жергілікті бюджеттен қосымша қаражат бөлу арқылы балаларды тегін спорттық секциялармен қамтуды ұлғайтуды тапсырды.

Біз облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының бас маманы Әділбек Ділжановтан биылғы жылы бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылғанын сұрадық.

— Бүгінгі күні облыста 4-17 жас аралығындағы 179 530 бала бар. Оның ішінде 110 189 бала әртүрлі спорттық секциялармен қамтылған. Біз мемлекеттік шығармашылық-спорттық тапсырыс бойынша жан басына шаққандағы қаржыландыруға жататын спорт түрлерін сараладық. Нәтижесінде ақылы түрде қызмет көрсетіп отырған 18 спорт түрі анықталды. Олардың қатарында бокс, баскетбол, дзюдо, көркем гимнастика, шағын футбол, еркін күрес, қазақша күрес, тағы басқа спорт түрлері бар.

Биыл Мәдениет және спорт министрлігінің әдістемесіне сәйкес жан басына шаққандағы қаржыландыру шеңберінде 12 мың баланы тегін спорттық секциялармен қамту қарастырылып отыр. Қазіргі таңда мемлекеттік шығармашылық-спорттық тапсырыс бойынша облыста 8336 бала спорттық секцияларға тегін қатысып жүр, — дейді ол.

Ақтөбе қаласындағы «Judoka Aktobe» клубы балаларды дзюдаға үйретеді. Қазір бұл клубта 6 топта 120-дан астам бала жаттығады. Секцияға 5-12 жастағы балалар қабылданады. Бүгінгі күні мұнда 90 бала ақысыз жаттығып жүр.

Ақтөбе қаласындағы №56 орта мектептің 1-сынып оқушысы Әбілқайыр Аманбайдың осы секцияға келіп, жаттығып жүргеніне 4-5 ай болыпты.

— Баламды дзюдоға аптасына үш рет апарамын. Бүгінге дейін бірнеше мәрте жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанды. Қазір алдағы жексенбіде өтетін жарысқа қызу дайындалып жатыр. Әбілқайыр болашақта спортшы болуды армандайды. Біз оған бұл арманына жету үшін көп жаттығу керектігін үнемі айтып отырамыз. Жалпы жыл сайын балаларымыздың бірнеше үйірмеге тегін қатысуына мүмкіндік жасалса, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі баланың бос уақытын тиімді өткізуі өте маңызды, — дейді Әбілқайыр Аманбайдың анасы Балбөбек Баекенова. Ол қызы Айзере де биыл бейнелеу өнері мен би үйірмесіне тегін қатысып жүргенін айтады.

Р.S. Баланың шығармашылық қабілетін дамыту, оны спортқа баулу қай кезде де маңызды. Бұл оның жан-жақты өсіп жетілуіне, болашақта бойындағы таланты мен белгілі бір салаға деген икемінің қалыптасуына зор септігін тигізеді. Ал дарынды оқушыдан білімді, білікті маман шығады. Сондықтан қазіргі таңда мемлекет тарапынан балаларды тегін үйірмелермен, секциялармен қамтуға көп көңіл бөлінуде. Ендігі кезекте ата-аналар балаларын қосымша білім беруге барынша бағыттап, олардың шығармашылық қабілетін дамытуына ерекше назар аударуы керек.   

Д.БАЙМҰҚАШ,

«ozgeris.info».