Әзербайжан астанасы Бакуде нысана көздеуден 53-ші әлем чемпионатының ресми ашылуы өтті, деп хабарлайды ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі. «Baku Crystal Hall» әмбебап кешенінде өткен іс-шара кезінде әр ел өкілдері мен спортшыларының алдында Халықаралық нысана көздеу федерациясының (ISSF) президенті Лучано Росси, Әзербайжанның жастар және спорт министрі Фарид Гаибов сөз сөйледі.
«Қазір Әзербайжан көптеген ауқымды жарысты жоғары деңгейде өткізетін елге айналып үлгерді. Алдағы күндері біз мұнда оқ ату, стенд ату сынды барлық бағдарламадағы үздіктерді бірге анықтаймыз. Париж Олимпиадасына дейін бір ғана жыл қалды. Сол себепті осы әлем чемпионатында жолдаманың басым бөлігі сарапқа салынады»,-деп айтты Лучано Росси.
Осыдан кейін төрешілер мен спортшылардың ант беру рәсімі өтті. Ары қарай іс-шара түрлі мәдени қойылымдармен жалғасты. Қазақстан құрамасы бұл бәсекеде барлық санатта жүлдеге таласады. Құрама сапында барлығы 26 спортшы бар. Олар:
Тапанша – Эльдар Иманқұлов, Валерий Рахимжан, Максим Мазепа, Никита Чирюкин, Руслан Юнусметов, Артемий Кабаков, Алексей Лотарев, Сәуле Әлімбек, Ольга Аксенова, Ирина Юнусметова, Валерия Попелова;
Винтовка – Ислам Сатпаев, Юрий Юрков, Константин Малиновский, Илья Федин, Арина Алтухова, Елизавета Безрукова, Александра Ле, Анастасия Григорьева;
Жылжымалы нысана – Бақтияр Ибраев, Андрей Худяков, Асадбек Назиркульев, Илья Зотеев, Фатима Ирназарова, Зухра Ирназарова, Александра Садуакасова;
Ұлттық құрама көшбасшысының бірі Ислам Сатпаев дайындық жоспарға сай өткенін, Бакуде осыған дейін жарысқа қатысқандықтан қиындық болмайтынын айтты.
«Әлем чемпионатының қарсаңында осында Габала қаласында оқу- жаттығу жиынын өткіздік. Жыл басынан бері жарыстар жеткілікті болды. Индонезия мен Әзербайжандағы Әлем Кубогы кезеңінде жақсы нәтиже көрсете алдық деп ойлаймын. Сосын, елімізде Спартакиадаға қатысқан соң Қытайдағы жазғы Универсиадада өнер көрсеттік. Осы жарыстардан жүлдесіз қайтқан жоқпыз. Әлем чемпионатына сақадай саймыз. Сәтін салып, Олимпиада лицензиясын көбірек алуды қалаймыз», — деді ол Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Айта кетейік, Бакудағы дода 1 қыркүйекте мәресіне жетеді. Осы аралықта 101 мемлекеттен келген 1200-ден астам мерген бақ сынайды. Байрақты бәсеке кезінде келесі жылы Франция астанасында болатын Олимпиаданың 48 жолдамасы сарапқа салынады.
ПІКІР ЖАЗУ