Байден Қазақстандағы «дезинформациямен күреске» миллиондар бөлді – не үшін?

Фото: TASS

Ақ үй Джо Байден әкімшілігінің қаржылық шығындарын құпиясыздандырды. Атап айтқанда, демократтар командасы «Қазақстандағы дезинформациямен күреске» қаражат бөлген, деп мәлімдеді Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролин Левитт, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Брифинг барысында Левитт Байден әкімшілігін «ақымақтық» жасады деп айыптап, Гватемаладағы жыныс ауыстыру бағдарламасына екі миллион доллар жұмсалғанын айтты.

Бұдан бөлек, Байден басқарған кезде АҚШ Ирактағы «Улица Сезам» шоуына, Қазақстандағы дезинформациямен күреске және Мысырдағы туризмді қаржыландыруға миллиондаған доллар бөлген.

«Ирактағы жаңа шоуға – 20 миллион доллар, Қазақстандағы «дезинформациямен күреске» – 4,5 миллион, ал Мысырдағы туризмді қаржыландыруға – 6 миллион доллар бөлінген», – деді Левитт.

Алайда, Трамптың баспасөз хатшысы Қазақстандағы дезинформациямен нақты қандай күрес жүргізілгенін түсіндірмеді.