Бишімбаевтың соты тікелей эфирден беріліп жатқаны белгілі. Бұл ретте, қазақстандықтар аты шулы сот процесіндегі ақпараттармен танысуға мүмкіндік алады. Десе де, марқұм Салтанаттың ағасы Айтбек Амангелді мәйіт суреттерін эфирге шығаруға және жариялауға тыйым салуды сұрады. Судья Айжан Құлбаева бұл өтінішті қанағаттандырды.
«Мен белгілі бір сәттерді эфирге шығармауды және БАҚ өкілдерінен бұл бейнелерді көрсетпеуді сұраймын. Оларды көру өте ауыр. Тікелей эфирді ересектер ғана емес, балалар да көріп отыруы мүмкін. Бұл балаларға ауыр зиян келтіреді деп ойлаймын», — деді Айтбек Амангелді.
Бишімбаев бұған қарсылық білдірді.
«Ал мен көрсетілуін қалаймын. Өйткені оның дене жарақаттары туралы ғаламторда көптеген болжамдар айтылды. Мен алқа билердің, жұртшылықтың айтылғандардың шындыққа жанаспайтынына көз жеткізгенін қалаймын», — деді Бишімбаев.
Судья Айжан Құлбаева жәбірленушінің өтінішін қанағаттандыру туралы шешім қабылдады.
«Материалдар алқа билер алқасына көрсетіледі, БАҚ өкілдеріне түсіруге рұқсат жоқ», — деді судья.
Фото: Астана қаласы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты
ПІКІР ЖАЗУ