Бұрынғы Білім және ғылым министрі Шәмшә Беркімбаева қайтыс болды. Қаралы хабарды Асхат Аймағамбетов естіртті, деп хабарлайды «ozgeris.info» тілшісі.
Шәмшә Көпбайқызы еңбек жолын ауыл мұғалімі болып бастаған. Ол әр жылдары мектеп директоры, Алматы облыстық партия комитетінің хатшысы, Білім министрінің орынбасары, Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігінің бірінші хатшысы, Алматы облысы Білім басқармасының басшысы қызметтерін атқарды, сонымен қатар Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты, Білім және ғылым министрі болды.
Ұзақ жылдар бойы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры болды. Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, академик Шәмшә Көпбайқызы еліміздегі білім мен ғылым саласының дамуына үлкен үлес қосты.
«Беркімбаева Шәмшә Көпбайқызының өмірден озғаны туралы суыт хабар жетіп, көңілді құлазытты.
Шәмшә Көпбайқызы ауыл мектептерін дамытуға және дарынды балаларды қолдауға жағдай жасауға ерекше көңіл бөлді.
Жұмыс кездесулері кезінде Шәмшә Көпбайқызы үнемі өз тәжірибесімен және кеңестерімен бөлісіп, білім саласындағы жаңалықтарды қадағалады.
Отандық білім мен ғылым саласының көрнекті тұлғасының өмірден озуы – орны толмас өкініш. Шәмшә Көпбайқызының отбасы мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын»,– деп жазды министр.
ПІКІР ЖАЗУ