Батыс Қазақстан облысында қожалық басшысы қала тұрғындарын құлдықта ұстаған, деп хабарлайды «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы.
БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, жағдай Ақжайық ауданында анықталып отыр.
Департаментке шаруа қожалықтарының бірінің басшысы еңбекке пайдалану үшін Орал қаласының тұрғындарын заңсыз ұстағаны жөнінде жедел ақпарат түскен.
«БҚО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел іздестіру іс-шаралары барысында аталған дерек расталды. Соның нәтижесінде Орал қаласының бірнеше тұрғыны полицияға арызбен жүгінді.
Факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 126-бабы 3-бөлігіне (бас бостандығынан заңсыз айыру) сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды», — деп хабарлады ведомстводан.
Аталмыш бап бойынша айыпты деп танылған адам мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ПІКІР ЖАЗУ