3 209 қылмыстық іс, оның ішінде 15-мемлекетке опасыздық жасау, өкілеттіктерді асыра пайдалану, билікті басып алу ісі, 46 — терроризм актілері, 94 — адам өлтіру ісі тергелуде.
Талайды көрген тарихымызда 2022 жылғы қаңтардағы қанды қасірет бүкіл елімізді дүр сілкіндірді. Мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғандар өз мақсаттарына жетуі үшін тіпті, ең қасиетті Тәуелсіздігіміздің өзін құрбан ете жаздады. Мемлекетіміз сақталып қалды, құдайға шүкір, бірақ қаншама адамның қаны төгілді… Пейіште рухтары шалқып, Имандары саламат болсын.
Бұл ел күткен маңызы зор депутаттық сауалға “Ақ жол” фракциясының барлық 12 мүшесімен бірге “Нұр Отанның” 6 депутаты, Халық партиясы мен Халық Ассамблеясынан бір-бір депутаттан, барлығы 20 депутат, яғни парламенттегі 4 фракция өкілдері түгел қолдап, қол қойған болатын.
Жақында осы депутаттық сауалға Бас прокуратураның жауабы да келді.
Алдымен ресми жауапты жариялайық.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарына (тізім бойынша)
Құрметті депутаттар!
Бас прокуратура Сіздердің «қасіретті қаңтар» оқиғасына қатысты жолдаған депутаттық сауалдарыңызды қарап, келесіні хабарлайды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сəйкес Бас прокуратура қаңтар оқиғаларының себептері мен мəн-жайларын анықтау мақсатында қылмыстық құқық бұзушылықтардың объективті тергелуін, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңдылықтың сақталуын қадағалауды жалғастыруда.
Бүгінде қылмыстық қудалау органдары аталған оқиғаға қатысты 3 209 қылмыстық істі тергеп-тексеруде (2 740 – ішкі істер органдарының, 250 – арнайы прокурорлардың, 200 – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, 15 – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, 4 — Экономикалық тергеу қызметінің іс жүргізуінде).Анықтама ретінде: 1 868 — ұрлық, 94 — адам өлтіру, 46 — терроризм актілері, 45 — жаппай тəртіпсіздік, 15 — мемлекетке опасыздық жасау, өкілеттіктерді асыра пайдалану, билікті басып алу, қалған 1 141 іс- басқа да қылмыстық құқық бұзушылық фактілері бойынша тергеп- тексерілуде.
Барлығы 1027 күдікті ұсталып, сот олардың 915-ін қамауға алды, 74-іне — үйқамақ, 10-ына — ешқайда кетпеу жəне тиісті мінез-құлық туралы қолхат, 5-еуіне — жеке кепілгерлік, 13-іне — кепіл қолданылды, 8-іне қатысты бұлтартпау шаралары қолданылмастан босатылды (2 бұлтартпау шарасы сотта қаралу сатысында).
ИС «Қадағалау»20171213
Прокурорлар ұстауға негіздердің болмауына байланысты 103 адамды уақытша ұстау изоляторларынан босатты.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында ауырлататын мəн-жайлар болмаған кезде, жазаны жеңілдету бағытында тұрақты жұмыстар атқарылуда.
Қаңтар оқиғаларына байланысты соттар 9 300 əкімшілік істі қарап, олар бойынша 4 628 адамға ескерту жасады, 1 243 адамға айыппұл салды, 3 322 адамға қатысты əкімшілік қамаққа алу түріндегі əкімшілік жаза қолданды.
Өз кезегінде, прокурорлардың өтінішхаттары бойынша қамаққа алудан 1 153 адам босатылды, 779 адам бойынша айыппұлдар ескертулерге ауыстырылды. Ескіру мерзімінің өтуіне байланысты 2 169 адам қамақтан босатылды. Сотқа жеткізбей жəне соттарда 765 əкімшілік іс тоқтатылды.
Қазіргі уақытта əкімшілік қамаққа алынған адамдар жоқ.
Қылмыстық істер бойынша қамауға алынғандар арасынан 157 адамға қатысты бұлтартпау шаралары (34 — үйқамаққа, 109 — ешқайда кетпеу жəне тиісті мінез құлық туралы қолхатқа, 8 — кəмелетке толмаған адамды қарауда ұстауға беруге, 2 — кепілге, 4 — жеке кепілгерлікке) өзгертілді.
Сонымен бірге тергеудегі заңсыз əрекеттер туралы шағымдарды ерекше бақылауға алып, тексерудеміз.
2022 жылғы 23 ақпанға прокуратураға тергеп-тексерудің тыйым салынған
əдістері, билікті жəне лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану туралы 252 шағым түсті.
Прокуратура органдары аталған санаттағы 53 қылмыстық істі тіркеді, ал қалған 144 істі басқа қылмыстық қудалау органдары бастаған (олардың ішін де Атырау қаласындағы «Динамо» спорт кешеніндегі ұсталғандарды ұрып соғу, үтікті пайдалану, сондай-ақ құқық қорғау органдарының ғимараттарына жеткізілген адамдардың қаза болу фактілері бойынша істер).
Бұл істер объективтілікті қамтамасыз ету үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жəне арнайы прокурорларға тапсырылды.
Әрбір қылмыстық іс бақылауда.
Қатыгездікпен қарау, сондай-ақ медициналық көмекті көрсетпеудің ықтимал жағдайларын тəуелсіз тексеру мақсатында Адам құқықтары жөніндегі уəкіл жəне басқа да адам құқықтарын қорғау ұйымдарына ұстау мекемелеріне кіруге рұқсат берілді.
Жергілікті прокурорлар қамауға алынғандардың ұстау мекемелерін күнделікті тексеруге, азаматтардың конституциялық құқықтары бұзылуының алдын алуға, сондай-ақ медициналық жəне кепілдік етілген заң көмегін алу кезіндегі заң бұзушылықтар бойынша дер кезінде прокурорлық қадағалау актілерін қолдануға бағдарланған.
Тергеу нəтижелері жəне азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау жұмыстары туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында жүйелі түрде жариялануда.
Құқық қорғау органдары қылмысқа қатысушыларды анықтау, кінəлі адамдарды жазаға тарту, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті толық қалпына келтіруге бағытталған қажетті шараларды қабылдауда.
Депутаттық сауалымызға белгіленген уақытында жауап берген сол кездегі ҚР Бас Прокурорының
бірінші орынбасары, қазіргі Бас прокурор Б. Асылов мырзаға рахмет айтамыз.
Дегенмен, көріп отырғанымыздай, Бас прокуратура басты сұрақтарымызға жауап бермей, айналып өтіпті.
Атап айтар болсақ, мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғандар туралы бір ауыз сөз жоқ.
Біз депутаттық сауалымызда бүкіл ел күткен осы басты сұраққа жауап іздеп, ашық жаздық:
“Мұндай қасиетті қазақ тарихына қара таңба салған қанды қасірет қайта қайталанбауы үшін, Мемлекеттік төңкерісті жасамақ болған кімдер, басшысы кім, қосшысы кім, орындаушылары кімдер, бәрі толық анықталып, түгел жауапқа тартылуы тиіс!”-деп, атап көрсеттік.
Тағы бір айтарымыз, аса маңызды — Парламенттік тыңдау туралы да бір ауыз сөз қозғалмаған.
Біз депутаттық сауалымызда: “Мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті толық тергеліп біткен соң, оның нәтижесін, Мемлекеттік төңкеріс жасаушыларды бүкіл ел білуі үшін Парламенттік тыңдау өткізу керек деп санаймыз.”- деп атап айтқан едік.
Бұл туралы да бір ауыз сөз жоқ!
Бүкіл ел күткен Парламенттік тыңдауға қашан дайын боласыздар, Мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғандар аттарын қашан жариялайсыздар, Бас прокурор мырза?!.
“Ақ жол” фракциясы мүшелері.
ПІКІР ЖАЗУ