Азиада-2025: Хоккейден Қазақстан құрамасы 24:0 есебімен жеңіп, жартылай финалға шықты

ҰОК

24:0 есебімен жеңіске жеткен Қазақстан хоккейден Азия ойындарының жартылай финалына шықты

Харбинде өтіп жатқан ерлер арасындағы жарыстарда плей-офф кезеңі басталды. Ширек финалда Қазақстан құрамасы Гонконг командасын 24:0 есебімен ойсырата жеңді.

Кирилл Панюков, Роман Старченко, Евгений Рымарев және Дмитрий Гренц хет-трик жасаса, Самат Данияр, Вячеслав Колесников, Әділ Бекетаев, Руслан Оспанов және Тамирлан Гайтамиров дубль авторы атанды. Ал Кирилл Савицкий мен Данил Бутенко бір-бір шайбадан соқты.

Қазақстан құрамасының қақпасын матч барысында Максим Павленко мен Джелал-ад-Дин Амирбеков қорғап, екеуі бірге сегіз сейв жасады.

Осылайша, Олег Болякин жаттықтыратын команда жартылай финалға жолдама алып, 13 ақпанда келесі матчқа шығады.