Соңғы уақытта Қазақстанда ажырасу тақырыбы жиі көтеріліп жүр. Енді отбасыны сақтау мақсатында ажырасу үшін төленетін мемлекеттік баж салығын 200 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін арттыру ұсынылды. Бұл шын мәнінде ажырасу санын азайта алады ма? Әлде керісінше, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен психологиялық қысым сияқты күрделі мәселелерді ушықтырып жібермей ме? Ozgeris.info тілшісі осы сұрақтардың жауабын іздеп көрді.
Ажырасудың құны
Бүгінде ажырасуға төленетін мемлекеттік баж небәрі 0,5 АЕК, яғни шамамен 1700 теңгені құрайды. Ұсынылып отырған жаңа шек 200 АЕК, яғни 800 мың теңгеге дейін арттыруды көздейді. Бастама авторларының айтуынша, мұндай қадам отбасыларды сақтап қалуға көмектеседі. Өйткені статистика көңіл көншітпейді. Елімізде әр екінші неке ажырасумен аяқталады. Сонымен қатар, жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 100 мыңнан астам шағым түседі.
«Мұндай әдіспен отбасын сақтап қала алмаймыз. Менің ойымша, аталмыш шара азаматтардың құқығын шектеумен тең. Біріншіден, кейбір жағдайларда отбасы мүшесі немесе балалар үшін бірге тұру мүмкін болмай қалады. Ал баж салығын көбіне ажырасуға арыз берген тарап төлейді. Содан кейін бұл сома екі жаққа тең бөліне ме? Бұл жерде көптеген заңдық және және тағы да басқа нюанстар бар», - дейді адвокат Саида Сүлейменова.
«Қазіргі қолданыстағы баж салығы орынды шешім. Ол өте төмен – 0,5 АЕК. Яғни халыққа қолжетімді, ақылға қонымды сома. Егер бұл бірнеше есе артса, адамдар өз таңдауының тұтқынына айналып, заңды құқықтарын пайдалана алмай қалады. Бұл дегеніміз, бостандық пен қорғану құқығын тікелей шектеу. Ал егер тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайында болса, онда бұл оларды “торда” қалдырғанмен тең», - дейді заңгер Азамат Рамазан.
Ажырасудың себептері
Мамандардың айтуынша, ажырасуға бірнеше себеп бар. Заңгердің пікірінше, жастар көп жағдайда асығыс шешім қабылдап, отбасылық өмірге дайын болмай үйленеді.
«Махаббаттың алғашқы кезеңінде бәрі керемет көрініп, ғашықтар бәріне дайын тұрады. Бірақ шынайы тұрмыс басталғанда, жауапкершілік артқанда, бала дүниеге келгенде қиындықтар басталады. Ал бұл өз кезегінде ажырасуға әкеледі. Әр отбасының өз тарихы бар», - дейді маман.
Екінші сарапшының пікірінше, мәселенің түп-төркіні әлеуметтік жағдайға байланысты. Жас отбасылар өмір сүру деңгейіне сай емес жауапкершілік алып, күндіз-түні жұмыс істеп жүрсе де, кедейлік шегінен шыға алмайды.
«Олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту керек. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, олар отбасына көбірек уақыт бөліп, назар аударар еді», - дейді адвокат.
Сонымен қатар, ажырасуға жиі себеп болатын факторлардың бірі – қаржылық қиындықтар. Cарапшылар әлеуметтік жәрдемақы мен жеңілдетілген баспана алу үшін кейбір азаматтар түрлі заңбұзушылықтарға баратынын, және кей жағдайда жалған ажырасу жасайтындарын алға тартты. Сәйкесінше қоғамда айтылып жүрген ұсыныс осындай жағдайлардың алдын алуға бағытталып отыр дейді.
«Иә, мұндай алаяқтық схемалар бар. Бірақ баж салығын көтеру шынайы өмір сүріп жатқан басқа отбасыларға кері әсер етеді. Сондықтан қаржылық қысым жасаудың орнына, керісінше, психологиялық және дағдарыс орталықтарын көбейтіп, арнайы мамандардың көмегімен отбасыларға мәселені қайта қарап шығуға мүмкіндік беру керек. Әрине, бұл тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайына қатысты емес», - дейді заңгер.
Сарапшылар ажырасу тәртібінің басқа да балама түрлері барын айтып, оның көп жағдайда оң әсер ететінін атап өтті. Ол – міндетті медиация.
Медиация қалай жұмыс істейді?
Қазақстандағы медиация жүйесі – дауларды бейбіт жолмен шешудің балама тәсілі ретінде соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан сала. Медиация – бұл тараптардың өзара келісімге келуіне көмектесетін бейтарап үшінші тұлғаның, яғни медиатордың қатысуымен жүргізілетін рәсім. Қазақстанда медиация институты 2011 жылы қабылданған «Медиация туралы» заң негізінде енгізілді. Бұл заң медиация рәсімінің қағидаттарын, оны өткізу тәртібін және медиаторлардың құқықтық мәртебесін анықтап берді. Медиация жүйесі азаматтық, еңбек, отбасылық, әкімшілік, сондай-ақ кейбір қылмыстық істер бойынша да қолданылады. Мысалы, жеңіл және орташа ауырлықтағы қылмыстық істер бойынша тараптар медиация арқылы татуласқан жағдайда, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін. Қазақстанда кәсіби және кәсіби емес медиаторлар жұмыс істейді. Кәсіби медиатор – бұл арнайы оқудан өткен, сертификаты бар, көбінесе заңгер немесе психолог мамандығындағы адам. Ал кәсіби емес медиаторлар ауылдық жерлерде жиі кездеседі және олар әдетте беделді ақсақалдар, қоғам белсенділері болып табылады. Мемлекет тарапынан медиацияны дамыту үшін түрлі шаралар қабылдануда: медиаторларды оқыту, арнайы орталықтар ашу, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Сонымен қатар, соттарда дауларды сотқа дейін шешу мақсатында татуластырушы судьялар мен медиация кабинеттері жұмыс істейді. Дегенмен, медиацияның әлеуеті толық жүзеге асып жатыр деу қиын. Бірқатар сарапшылардың пікірінше, халық арасында медиацияның мәні мен артықшылықтары жөнінде ақпарат аз, сондай-ақ кейде тараптардың өзара сенімсіздігі, заңдық сауаттылықтың төмендігі сияқты факторлар медиацияның тиімділігін шектейді. Бұған қоса, кейбір істер бойынша медиатордың шешімі міндетті түрде орындалмайтыны себепті де кей азаматтар сот арқылы шешімді дұрыс деп санайды. Соған қарамастан, медиацияның уақыты мен қаражатты үнемдейтіні, дауласушы тараптардың қарым-қатынасына зиян келтірмейтіні сияқты артықшылықтары бар, сондықтан бұл жүйе Қазақстанда алдағы уақытта да дами бермек.Отбасылық істерде медиация арқылы шешілетін мәселелер:
- ажырасу шарттары;
- балалар кімде қалатыны;
- алимент төлеу;
- мүлікті бөлу;
- баламен кездесу тәртібі.
Медиация қалай өтеді?
- Медиаторға жүгіну – тараптар медиаторды өздері таңдайды немесе сот арқылы жолданады.
- Келісім жасау – тараптар медиацияны ерікті түрде қабылдап, шартқа қол қояды.
- Келіссөздер – құпия жағдайда, медиатор көмегімен тараптар өзара шешім іздейді.
- Келісімге қол жеткізу – тараптар келіссе, медиативтік келісім жасалып, ол сот арқылы заңды күшке ие бола алады.
Медиаторды қайдан табуға болады?
- Өңірлік медиаторлар палатасы;
- Қазақстанның кәсіби медиаторлар ассоциациясы;
- Сот немесе заңгерлер арқылы.
«Сотқа талап арыз берілген жағдайда, судья тараптарға 1-ден 6 айға дейін татуласуға уақыт береді. Міндетті медиация жүйесі – мәселені сотқа дейін бейбіт жолмен шешуге көмектесетін жақсы құрал. Бірақ бұл тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайына қолданылмайды. Ондай жағдайда жоғары баж салығы адамды өз құқығын жүзеге асыруға кедергі келтіреді. Сондықтан әр жағдайды жеке қарау қажет», - дейді заңгер.
Айта кетейік, Қазақстанда балалары мен мүлкі жоқ ерлі-зайыптылар eGov порталы арқылы ХҚКО-да (ЦОН) тез ажыраса алады. Бірақ егер ортақ ипотека немесе басқа да даулы мүлік болса, онда бұл тек сот арқылы жүзеге асады.
Сарапшылар ажырасу мәселесінен бөлек, алимент тақырыбын да қозғады. Олардың айтуынша, бүгінгі таңда табысын әдейі жасыратын, немесе ең төменгі айлық көрсеткіш табатын жалған құжат жасайтын әкелер көбейген. Ал егер айына 2000 теңге төлеп отырса да, елімізде олар ешқандай жазаға тартылмайды. Салдарынан жыл сайын алимент төлемейтіндердің қарызы өсіп барады, ал екі ортада балалар зардап шегуде.
Осы тұста Халық партиясы фракциясының ұсынысына тоқталып өткен жөн. Бірнеше жылдан бері партия мүшелері мемлекеттік алимент қорын құруды ұсынып келеді. Бұл қор мемлекеттік емес көздер есебінен қаржыландырылмақ. Екінші тарап алимент төлеуден жалтарған жағдайда, мемлекет баланың құқығын қорғау үшін осы қордан уақытша төлем жасап, кейін борышкерден қаражатты сот арқылы өндіріп алу көзделген.
Мемлекеттік алимент қоры - балаларды қолдауСарапшылар аталмыш қордың артықшылықтарына тоқталып өтті. Айтуларынша, мұндай қордың пайдасы орасан зор, әсіресе балалардың болашағы үшін жасалған маңызды қадам болмақ.
Біріншіден, баланың құқығын қорғау. Алимент – бұл ата-ананың көмегі емес, баланың заңды құқығы. Мемлекет осы құқықтың жүзеге асуын қамтамасыз етуге тиіс.
Екіншіден, төлемнен жалтару мәселесін шешу. Әділет министрлігінің мәліметінше, елімізде жүздеген мың бала алимент мүлде алмайды немесе өте сирек алады. Қор арқылы бұл балалар тұрақты төлеммен қамтамасыз етіледі.
Үшіншіден, кедейлікті азайту. Алимент алмайтын жалғызбасты аналар – ең осал топтың бірі. Уақтылы төлемдер әсіресе ауылдық жерлерде балалардың кедейлікте өсуіне жол бермейді.
Төртіншіден, экономикалық тұрақтылық пен психологиялық қолдау. Алименттің тұрақты түсуі аналардың күнкөріс жоспарын жасауына мүмкіндік береді және жылдар бойы сот орындаушылармен күрестен құтқарады.
Кейбір шенеуніктер қарсы пікір білдірді. Айтуларынша бұл бюджетке салмақ салады.
«Мұндай қор үшін мемлекет жыл сайын миллиардтаған теңге жұмсауға мәжбүр болады. Ал борышкерлерден қаражатты өндіріп алу – ұзақ әрі күрделі процесс», - дейді олар.
Сондай-ақ, қордық болуы «қалай болса да мемлекет төлейді» деген оймен кейбір жауапсыз ата-аналардың алимент төлеуден жалтаруына себеп болуы мүмкін. Қорды тиімді басқару үшін жаңа есеп жүйесі, бақылау тетіктері, әкімшілік аппарат қажет. Бұл да қосымша шығын мен жемқорлық қаупін арттырады дейді мамандар.
Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, мемлекеттік алимент қоры бірқатар елдерде бар. Мысалы Германия, Швеция, Францияда мұндай қорлар бар. Минималды төлемді мемлекет жасайды, кейін борышкерден ақша өндіреді. Ал Ресей мұндай қор құруды талқылап жатыр, әзірге тек әлеуметтік қызметтер арқылы уақытша көмек көрсетіледі. Польшада алимент қоры бар, бірақ оған тек табысы төмен отбасылар ғана қол жеткізе алады.
Заңгерлер мұндай бастаманы бір ауыздан қолдап отыр. Тіпті қоғамдық талқылау басталған күнде бірден дауыстарын беруге дайын.
«Мұндай жүйе тіпті коллекторлық ұйымдарда да жұмыс істейді. Олар банктің ақшасын төлеп, кейін борышкерден қайтарып алады. Сондықтан бұл идея бізге өте қажет деп есептеймін», - дейді адвокат Саида Сүлейменова.
«Бала ата-анасының арасындағы кикілжің үшін жапа шекпеуі тиіс. Мұндай жағдай оның болашақта қалыпты адам болып өсуіне кедергі келтіреді. Ал егер мемлекет баланы қаржылай қолдаса, ол елімізді сүйетін, отаншыл азамат болып өседі деп ойлаймын. Сондықтан мұндай ұсынысты қолдаймын, әрі іске асуына ат салысуға дайынмын. Ертең петиция жарияланса, біріншілердің қатарында болып қол қоямын», - дейді заңгер Азамат Рамазан.