Ана тілімізде жарияланатын ғылыми журналдар саны көп емес. Десе де алғаш ашылған күннен бастап, оқырман назарына іліккендері де бар.
Ғылыми мақалаларды оқитын оқырман үшін тек жалпылама негіздемелер ғана емес, қызықты ақпараттар мен статистикалық жаңалықтар да үлкен маңызға ие. Мақалалардағы ерекше деректер мен өзіндік стилін сақтай отыра, қарапайым мектеп оқушылары мен студенттерге ұғынықты деңгейде жазылған туындылар, өз бағасын оқырманнан жеткілікті деңдейде алып келеді. Дейтұрғанмен, мұндай журналдардан бөлек, тек үлкен ізденісті, ауыр теорияларды қамтитын мақалалардың бар екенін де жасырмаймыз. Олардың оқырманы жоқ деп айтуға болмас, алайда ол жалпыға ортақ тілде жазылмаған.
Қазақ тіліндегі мақалалардың көбінде нақтылық жоқ. Студенттерді қызықтыра алатын деректер мен статистика болған кезде ғана, ол оқырман үшін маңызға ие болады» –, деп пікір білдірді KAZGUU Университетінің KELL бағдарламасының координаторы Ақерке Түлкібайқызы.
Оқытушының айтуынша, қазақ тіліндегі журналдарды оқитын студенттер бар көрінеді. Алайда ол мыңнан біреу ғана болуы мүмкін. Шет тілінде жазылған журналдарды арнайы алып оқитындар да бар. Әрине, ол журналдардың біздікімен салыстырғанда өзіндік ерекшелігі бар екендігін де жасырмаймыз. Бұл студенттерге байланысты айтылған пікірдің бір бөлігі ғана. Алайда «талғамға талас жоқ» демекші , біздің баспасөздер мүлдем оқылмайды деуге болмайды. Бүгінде жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, көпшіліктің сұранысына айналған журналдар да бар. Олардың бірі, әрі бірегейі, әлемдік «National Geographic» басылымының елдегі нұсқасы. Оқырманды әр саны сайын қызыққа толы әлемге жетелейтін оның бүгінгі таңда Instagram желісінде 87 мыңнан астам оқырманы бар. Аталмыш журнал тек географиялық жаңалықтар немесе табиғи өзгерістер туралы ақпарттардан ғана емес, әртүрлі суреттер жиынтығынан құралады. Кейде бір суретінің өзі тұтас аудиторияны тамсандырып, тіпті, ойландырып қоятын басылымның – оқырманмен байланысы да, сапа тенденциясына ілесе алатын қуаты да бар.
Біз әлеуметтік желіні негізінен журналымызды жұртшылыққа кеңінен таныту, тарату мақсатында қолданамыз. Сәйкесінше, жаздырып алатын да, сатып алатын да оқырман бізді көбінесе осы әлеуметтік желі арқылы көріп, біліп жатыр. Олардың арасында география пәні мұғалімдерімен қатар, баласына сапалы, қызықты, дәйекті білім бергісі келетін қарапайым ата-аналар да көп. Өйткені біздің журналдағы материалдар айлап, тіпті жылдап жүргізілген зерттеулер мен экспедицияларды, жоғары сапалы фотосуреттер мен инфографикалық ақпараттарды қамтитын ғылыми-танымдық мақалалар. Кейде журнал тұтастай бір тақырыпқа арналып, мәселенің географиялық ауқымы барлық құрлықты қамтуы мүмкін. Ең бастысы, бұл материалдар қазіргі кезде интернетте өріп жүрген, анық-қанығы белгісіз, ақиқатын анықтау да мүмкін болмайтын неше түрлі жалған (фейк) контент емес. Авторлық құқығы қорғалған, ғылыми дәйекті, дәлелді дүниелер» -, деді журналдың басқарушы директоры әрі жауапты редакторы Айбын Шағалақ. Сондай-ақ редактор кез келген баспасөз құралын ойлы оқырман талғаммен тауып оқитынына тоқталып, көптің көңілінен шығу үшін түрлі фотокөрмелер желідегі оқырманды қызықтыру, қатысушыларды шабыттандыру мақсатында жиі өткізіліп отыратынын да айтты.
«National Geographic мақсаты – зерттеу мен ғылымды бейнелі түрде баяндай отырып, оқырманға ой салу, шабыттандыру. Мақсат осындай болған соң National Geographic тілшілері, фотографтары мен видеооператорлары дүние жүзі бойынша саналуан тақырыпта зерттеулер мен экспедицияларға қатысады, өздері бастамашы болады. Бұл орайда, олардың фотосуретке деген талабы да, фотографтарының кәсіби деңгейі де өте жоғары. Біз сол шетелдік фотографтардың әлем ғажайыптарын, тұмса табиғатты, жан-жануарлар әлемін түсірген суреттері мен жергілікті фотографтардың суреттерінен фотокөрмелер ұйымдастырып тұрамыз. Бұл бір жағынан фотографтардың қызығушылығын арттырса, екінші жағынан сол көрме тақырыбы арқылы нақты бір мәселеге халықтың назарын аударуға септігін тигізеді» — деп қорытындылады журналдың жауапты редакторы.
Ал «OYLA», «Қазақстан мектептері» сияқты танымдық бағытта жазылған ғылыми журналдар оқушы мен ұстаздың арасындағы құрметке толы байланысты, ғылымға бет бұрған оқушыны қызықтыра алатындай жақсы деректер арқылы, жастарды өзіндік бағытпен таңғалдырып келеді. Алайда осы жылдың наурыз айында өзінің соңғы санын жариялаған «OYLA» журналы жұмысын тоқтатты. Ойлы оқырманның сүйіктісіне айналған ол – бұған дейін әлем еліндерінде де басылып шығып, көпшіліктің жүрегін жаулап үлгерген. Оның бұған дейінгі толық сандарын өз сайтынан оқуға мүмкіндік бар. Дегенмен, өз оқырманы үшін үлкен орынға ие болған оның келешегі кемелдене түскені абзал болар еді.
Шет тілдерінде жарық көретін басылымдарды қызыға оқитын білімге құштар жастар үшін, өз тілімізде жарияланатын мақалалардың көп болуы да маңызды. Сайып келгенде, осылай қазақ тіліндегі контенттердің өзектілігі арта түседі. Олардың саны мен қоса сапасы да өссе, талғамы биік оқырманның қуанышына айналары сөзсіз.
Батталова Мақпал
ПІКІР ЖАЗУ