Тіл – халықтың болмысы, бары, ең қымбат қазынасы. Тіл – тарихымыз, тіл – мәдениетіміз , тіл – әдебиетіміз. Біз үшін тіл – кезінде жоғалтып ала жаздаған ең қымбат рухани құндылығымыз. Тіл – біздің ұлттық намысымыз, арымыз. Ана тілімізді қастерлеп , құрметтей білу – біздің қасиетті борышымыз. Тілден асқан байлық жоқ.
Тілді шұбарлау – арды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау. Қазіргі таңда тіл мәселесі – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Бұл мәселе барлығымызға ортақ мәселе болуы тиіс. Елімізде тұрып жатқан әрбір адамзат баласы тіл жанашыры болуы керек. Мен өз қаламыздың дәл жүрегінде орналасқан, 65 жылға жуық тарихы бар Дәнеш Рақышев атындағы қазақ мектеп – интернатында қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінен сабақ беремін. Мектеп – интернатымызға алыс-жақын елді мекендерден қазақтың қаракөз,қара домалақ балалары келіп оқиды. Бір қуантарлығы оқушыларымыз өз ана тілдерінде емін-еркін таза сөйлеп, өз ойларын қазақ тілінде озық жеткізе алады. Дей тұрғанмен, қалада тұрып жатқан кейбір ұл – қыздарымыздың ана тілімізді білмеуі , не шала білуі мені қынжылтады . Осы өзекті мәселені арқау етіп, мектеп оқушылары білім ордамызда өткен тіл мерекесіне арналған кеште «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» атты тақырыппен айшықталған шағын көрініс қойды. Сахна төрінде орыс тілді қазақ баласының өз қатарластарынының арасында ана тілін түсінбей, ортақ тіл табыса алмауы көрініс тапты. Қойылым соңында қазақ деп жүрегі соққан, қазақ тілінің жойылып кетпеуіне сансыз үлес қосқан ұлы тұлғаларымыздың бейнесін сомдаған оқушыларымыз Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Бауыржан Момышұлы аталарының жан айқайын монолог арқылы әсем жеткізді. Тілін қадірлеген ұлт жанашырларының жан айқайын тыңдап отырған көрерменнің өне бойындағы тамырлары шымырлап, жан дүниесі жадырап, құлақ құрышын қандыратын өткір сөздерін естігенде ауызға құм құйылды, көзге еріксіз жас келді. Әрбір адам ана тіліне деген құрметті сезінді. Тілдер мерекесін атап өтудің өзі – мемлекеттік тіл болып бекіген қазақ тілін ең алдымен құрметтеп , біліп, үйреніп, оны кеңейтуге негіз қалау.
Сондықтан біз ел болып, жұрт болып, халық болып тілімізді төрге оздырып, бала жастан біліп, сол тіліміз арқылы өзімізді әлемге танытатын халық болсақ, онда қазақ халқының бүгіні де болашағы жарқын болады. Сонымен қатар біздің елімізде басқа да ұлттар мен ұлыстар өмір сүріп жатыр, қазақ жеріне түрлі тағдырмен келген олардың да тілін, мәдениетін үйренуіне мүмкіндік туғызу да өркениетті қоғамға тән дүние. Ал ең бастысы қай елге барсақ та, қай дәрежедегі адам болсын, сол елдің тілін құрметтейді. Кім тұрып жатса да, мемлекеттің тіліне барлығы да құрметпен қарауы, оны білуі керек.. Біз баршамыз бірігіп, бір-бірімізді қолдап осы мемлекеттік тілдің тұғырына қонып, қоғамдық өмірдің барлық саласында кеңінен қолданылуы үшін қызмет етуіміз қажет. Ең жақсы адам – ана тілін құрметтеген адам. Бұл сенің басқа тілді меңгеруіңе бөгет болмайды, қайта сені адамгершілікке, шын патриот болуға жетелейді. Ана тілдің терең иірімдеріне бойлай білу — саналы адам болғысы келетін жас адамның бірінші парызы. Ол – туған жеріңді, еліңді, сүйікті Отаныңды сүйе білу деген сөз. Жас елімнің ұлт тілін ұлықтайтын , ана тілін ұмытпайтын парасатты ұрпақтары көп болсын. Қазақ тілінің мәртебесі арта берсін.
Д. Рақышев атындағы қазақ мектеп-интернатының
қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі
Түлемісов Алтай Белтайұлы
ПІКІР ЖАЗУ