ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Голливуд компанияларымен келіссөз бастады деген ақпарат шықты.
Бұл негізі ТМД елдері бойынша аймақтық дистрибуциялық орталығы Ресейде орналасқан кинопрокат және дубляж нарығын елімізге әкелуге керемет шанс әрі сындарлы сәт. Мына нәрсені түсінуіміз керек.
Ешқандай Голливуд компаниясы «қазақтар қазақша кино көре қойсын» деп келісімге келмейді.
Бір ғана шарт қойылады — Ресейдегі компаниялар сияқты ТМД елдеріне орыс тіліндегі фильм дубляжын біз жасай аламыз ба, алмаймыз ба? Қамтамасыз ете аламыз ба, алмаймыз ба?
Мейлі, Ресей билігі – агрессор десек те, орыс тілі — lingua franka тіл, яғни әлемде бірнеше мемлекетте орыстілді аудитория бар.
Кинопрокат нарығы үшін ең басты критерий осы — аудиторияның үлкендігі. Just business.
Сондықтан біздің елдегі қызметі кинопрокатпен байланысты компаниялардың барлығы (Kinopark-Kinoplex Theatre, Меломан, Сhaplin Cinemas, қазақша дубляж жасауда тәжірибесі бар Aray Media Group) бірігіп, алдымен Ресейдегі орысша кинопрокат нарығын біздің елге әкелуге күш салу керек деп есептеймін.
Тіпті Ресейден бұрын-соңды Голливуд компанияларымен келісілген дубляж актерлерін әкелсек те, МФЦА-ға резидент қылып тіркеп, компанияларға салықтан жеңілдіктер берсек те, бұл нарықты ұстап қалудың басқа амалы жоқ. Дубляж өте қымбат нәрсе.
Мысалы, осыған дейін Disney, Marvel мультфильмдерін қазақша дубляждаған Aray Media Group әр фильмге 100-150 мың доллар жұмсайтынын айтқан. Almas Alimzhan фильмдердің кассалық жинағы өзін ақтады ма, сіздерге бұл коммерциялық тұрғыдан табыс әкелді ме?
Екінші вариант — қазақша субтитрмен шығару, үшінші вариант — түпнұсқа тілде көрсете беру. Екеуі де ұзақмерзімді перспективада жүзеге асырылаты амалдар. Бірақ бірден солай бастап кетсек, біз кинопрокат нарығынан айырылып қаламыз.
Әйтеуір, бір аралық, өтпелі форма керек. Қазір қазақстандық фильмдердің отандық кинопрокаттағы үлесі 30%-дан асты дейді Сhaplin Cinemas өкілі Дмитрий Кириенко. Оны да шұбар тіл, жыртың-жыртың арзан күлкі, комедия деп жаратпайтын «нацпаттар» бар.
Аралас тіл, жанрдың өзі — қосымша аудиторияны, қазақшасы шала қазақты, не қазақша түсінгісі келетін өзге ұлтты қамту үшін жасалып жатқан амал.
Одан бөлек, тағы бір амалы — бірлескен продюсерлік. Яғни, мәдениеті ұқсас, тарихы ұқсас елдермен бірлескен кинокартиналар түсіру. Мысалы, осы тұрғыдан Канаданың кейсі бізге ұқсас. Олар да біздегі сияқты ағылшын-француз тілі қатар жүреді.
Ағылшын тіліндегі Голливуд фильмдері мен сериалдары басып кеткенде, олар Франциямен, Бельгиямен бірлескен фильмдер түсіруді қолға алған. 2010-2015 жылдары француз тілінде фильм көретіндер үлесі 30%-ға дейін барған екен. Қазір қарасам, елдегі кинопрокаттың 79%-ы ағылшын тілінде екен. Оған қарағанда, соңғы трендтерге қарасақ қазақ тілінде контент тұтынушылардың үлесі жыл сайын өсіп келе жатқандай сезіледі.
Айтпақшы, Ресейден тек Голливуд қана емес , контент өндірумен, таратумен айналысатын бірталай компания ірге ажыратып жатыр. Youtube, Sony PC, EA Sports, Rockstar Games, Nintendo, Spotify, Netflix – бәрі Ресеймен бизнесін тоқтатып жатыр.
Олар әлбетте аймақта өздеріне серіктес іздейді. Сондықтан бұл тек кино мәселесі емес, аймақтағы нарық үшін күресуге жақсы мүмкіндік. Бизнесмендер біледі.
Әділбек Жапақ
ПІКІР ЖАЗУ