Қазақстандықтар Украинадан елге жету қиын екендігін айтуда

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтарға Польша шекарасына дейін жеткізу үшін Львов немесе Киевке өз бетінше баруды ұсынды, деп хабарлайды «ozgeris.info» «orda.kz»-ке сілтеме жасап.

Дегенмен,  қазіргі  соғыс қимылдары салдарынан бұның оңайға соқпайтыны да ескертілді.

«Мұндай жағдайларда тұрғылықты жерлерде болуды және Қазақстан Республикасының елшілігімен, консулдықтармен үнемі байланыста болуды сұраймыз. Жағдай түзелсе, азаматтарымызға барлық қажетті көмек көрсетіледі» -делінген СІМ хабарламасында.

Хабарланғандай, Киев пен Львовтан келген Қазақстан Республикасы азаматтары бар көліктердің біразы қазақстандық дипломаттардың көмегімен Польша шекарасына өтіп үлгерген.

«Варшавадағы елшілігіміз жергілікті билік органдарымен бірлесіп, Қазақстан Республикасы азаматтарына шекарадан Катовице әуежайына өтуі үшін «жасыл дәліз» ашады. Аталған рейс жолаушылары Украина-Польша шекарасын еркін (визасыз) өтеді, сондай-ақ міндетті карантиндік, ПТР сынақтарынан және екпе  төлқұжаттарын ұсынудан босатылады» делінген хабарламада.

Алғашқы  рейс  алдымен Атырауға жетіп, кейін Алматыға қонады. Қазақстандықтар үшін әуе рейстері тегін орындалатыны атап өтілді.

Қазақстан Республикасы азаматтарынан Қазақстаннның Киевтегі Елшілігімен байланыста болып, жүрген жерін хабарлау сұралады. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, эвакуацияға көмектесу туралы  528 өтініш түскен.

Қазақстандықтар Украинаның келесі қалалары мен облыстарында орналасқан:

• Киев және Киев облысы – 264 адам

• Одесса облысы – 30 адам

• Харьков облысы – 18 адам

• Львов облысы – 17 адам

• Днепропетровск облысы -13 адам

• Полтава облысы – 7 адам

• Черкасск облысы – 4 адам

• Луганск облысы – 2 адам

• Ивано-Франковск облысы – 2 адам

• Житомир облысы мен басқа аймақтарда  – 2 адам.

 

 

 «ozgeris.info»