Маусым айындағы несие алу статистикасы белгілі болды. Бірінші кредит бюросы айдың қорытындысын шығарды, деп хабарлайды «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы.
Жеке тұлғаларға берілген несиенің жалпы көлемі 1,2 трлн теңгеден асты. Бұл — тарихи максимум.
Берілген тұтынушылық кепілсіз кредит көлемі 800 млрд теңгеден асты. Бұл да рекорд.
Осы кредиттердің 56 пайызы кредит алғандардың 10 пайызына (207 мың адам) тиесілі.
Жалпы алғанда, клиенттердің бұл санаты 448,1 млрд теңгеге жаңа кредит алды. Әрқайсысы — 880 мыңнан 38 млн теңгеге дейін.
Несие алушылардың көбі әлдеқайда аз соманы қанағат етеді — жартысы 140 мың теңгеден аспайтын кредит алған. Маусым айында тұтынушылық кепілсіз несиені шамамен 2,1 млн адам ресімдеді.
Берілген автокредит көлемі — 130 млрд теңгеден астам. Мұндай бұрын болған емес.
Бір айда шамамен 2,5 млн адам жаңа несие алды. Бұдан сәл көбірек көрсеткіш 2022 жылдың қарашасында тіркелген.
Ал берілген ипотекалық қарыздың орташа көлемі біршама азайған. Маусым айында ол 15,4 млн теңгені құрады.
Бұл — жалпы жылжымайтын мүлік нарығындағы динамиканы көрсететін бір жылдағы ең төменгі мән.
Бір қызығы, ерлерге қарағанда әйелдер несиені ұқыппен уақытында төлейді. 90 және одан да көп күн кешіккен кредиттердің үлесі әйелдерде — 8,3%, ерлерде — 12,7%.
ПІКІР ЖАЗУ