Қазақстанда құмар ойынына «кіріп» кеткендер саны артқан

Фото: sport.ua

Елімізде әрбір екінші отбасы лудоманиямен күреседі. Тіпті, соңғы уақытта құмар ойынына қыз-келіншектер де қатысуды әдетке айналдырған, деп хабарлайды «ozgeris.info» «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Статистикаға сүйенсек, 350 мың адам ойынқұмарлықтың шырмауынан шыға алмай келеді. Әрқайсысының орташа қарызы – 10 млн теңгеден асады.

Соңғы кездері құмар ойынға қыз-келіншектер де құнығып кеткен. Дмитрий Гармаштың айтуынша,  психологиялық көмек орталығына айына лудоманиямен ауыратын 300-ге тарта адам келеді. Бұл патология әлеуметтік статус пен жас таңдамайды. Дегенмен, азарттың азабына білімді азаматтар көп түседі екен.

 — Ойынқұмарлыққа салынғандардың барлығы мықты математиктер. Білімі таяз адамдар бұған бара алмайды. Өздерін нағыз стратег, ең ақылды сезінгендер ойын жүйесін алдап,  ақшаның астында қаламыз деп үміттенеді. Психотерапевт мамандардың көмегінсіз бұдан шығу мүмкін емес. Біздің орталыққа келетін 100 адамның 70-сі дұрыс жолға түсіп, жаңа өмір бастайды. Емдеу 4-5 айға созылады, — дейді «Sanasezim» психологиялық көмек орталығының директоры Дмитрий Гармаш.

Маман ойыншы бұл арам жолдан шығамын деп іштей шешім қабылдамайынша, ем қонбайтынын айтады. Эйфорияны тым көп сезінген адам қарапайым қуаныш, қайғы, мұң деген сезімдерді мүлдем ұмытатын көрінеді. Сондықтан отбасы мүшелерінің айтқан ақылына мән бермейді. Көкірек көзін шел басады деп отыр.

Өкініштісі, қоғам әлі бұл қасіретті – психологиялық ауру ретінде қабылдамай отыр. Лудоманияға шалдыққандардың жақындары өзі қойып кетер деп үміттенеді. Қарызын төлеп, жаңа өмір басташы деп жалынады. Бірақ мамандар құмар ойынның құрсауындағы адамның қарызын төлеп беру – ойнауға жаңа мүмкіндік сыйлау дейді. Бұдан шығудың жалғыз жолы – тек қана емделу.

 

«ozgeris.info»