Шымкент қаласындағы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ғалымдарына Халықаралық ғылыми-техникалық орталығының гранты ұсынылды. Ғалымдар грузин тарапының ұсынысы бойынша И.Жавахишвили атындағы Тбилиси мемлекеттік университетіндегі, Армения ұлттық аграрлық университетіндегі әріптестерімен бірге суды тазарту және зарарсыздандыру үшін бактерицидтік цеолит сүзгілерін әзірлеп жатыр. Бұл туралы БҒМ баспасөз қызметі жазды.
Қазақстандық ғалымдар тобының жетекшісі – ғылым, техника және білім саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, техника ғылымдарының докторы, профессор Нағима Жақыпбекова. Ол бірнеше жылдан бері цеолиттерді зерттеумен айналысып келеді.
«Біз цеолиттерді қоспаларға толтырғыш ретінде пайдалану бойынша ғылыми жобалармен айналыстық. Грузиядан келген әріптестеріміз бізді басылымдар арқылы тауып, қағаз өндірісінде цеолиттерді пайдалану бойынша ынтымақтастықты ұсынды. Ал шетелдік әріптестердің еңбегімізді бағалап, ынтымақтастықты ұсынуы отандық ғылымның ілгерілегенін көрсетеді. Цеолит бірегей бактерицидтік қасиеттерге ие екенін атап өткім келеді, сол себепті біз шетелдік ғалымдармен бірлесіп, суды тазарту және зарарсыздандыру үшін осы минералдан жасалған сүзгілерді әзірлей бастадық. Біздің бірлескен жобамызды Жапония қаржыландырады, өйткені олар үшін «Фукусима» АЭС-індегі апаттан кейін суды тазарту мәселесі бүгінгі күнге дейін өзекті болып отыр. Сонымен қатар Жапонияда ірі цеолит кен орындары бар», – деп айтты техника ғылымдарының докторы, профессор Нағима Жақыпбекова.
Грант үш жылға беріледі. Жоба аясында ғалымдар Грузия, Қазақстан және Армения кен орындарындағы цеолиттердің суды тазарту мен зарарсыздандыруға әсерін зерттейді. Осылайша, үш ел ғалымдарының бірлескен ынтымақтастығы мен күш-жігері өмір беретін ылғалдың сапасы мен қауіпсіздігі мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Айта кетейік, АҚШ, Жапония, Австралия, Швеция, Греция және Болгария ғалымдары серіктес, яғни кеңесшілер ретінде ақысыз қатысады.
Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде жаңа цеолитті бактерицидтік сүзгілерді алу әдістері әзірленеді деп күтіліп отыр. Сонымен бірге минералды термиялық өңдеу бұл металдарды сулы ортаға шығармайтын құрамында металл бар цеолиттерді алуға мүмкіндік береді. Одан бөлек, ғалымдар бактерицидтік белсенділігі жоғары биоактивті бейметалл минералдар алуды жоспарлап отыр. Жобаның нәтижелері әртүрлі мақсаттағы цеолит материалдарын шығаратын кәсіпорын құруға негіз болады.
Айта кетейік, Халықаралық ғылыми-техникалық орталық (ХҒТО) – бұл Қазақстан, Армения, Тәжікстан, Қырғызстан және Грузия ғалымдары мен ЕО, Жапония, Корея Республикасы, Норвегия және АҚШ әріптестері арасында іскерлік байланыс орнататын үкіметаралық ұйым. ХҒТО гранттар бөледі және жаһандық ғылыми қауымдастыққа бірлескен бірегей жоба әзірлеу және бизнесті жүргізу үшін бірігуге көмектеседі.
ПІКІР ЖАЗУ