Қазақстан «антиресейлік» ел емес – Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапары барысында Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасқа қатысты жауап берді.

Журналист Қазақстанның Ресейден алшақтап, Батыс елдеріне жақындай түскенін сынап жатқандардың барын айтып, Тоқаевқа сұрақ қойды.

“Қазақстан «антиресейлік» ел емес, біз әлемдегі ең ұзын шекара біріктіретін Ресеймен жан-жақты ынтымақтастық бағытын берік ұстанамыз. БҰҰ бас ассамблеясының жуырдағы сессиясында және басқа да баяндамаларда санкциялық текетірестердің жаһандық жағдайды шиеленістіретінін айтып, халықаралық қатынастарға кері әсер ететінін атап өттім”, – деді Тоқаев.

Оның айтуынша, Қазақстанда санкциялық шектеулерге жататын тауарлары жоқ.

“Қазақстан Ресейге параллель импортқа да қатыспайды. Ал дәстүрлі тауарлар саудасы өсуде, өткен жылы Қазақ-Ресей саудасының көлемі 25 млрд долларға жетті. Жақында Астанада Ресей үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин қатысқан «Иннопром» көрмесі сәтті өтті.  Қазақстан санкциялық шектеулерді ескеруге мәжбүр және осы мәселе бойынша тиісті халықаралық ұйымдармен байланыстарды қолдайды”, – деді еліміздің басшысы.

Ол Ресей-Украина арасындағы бейбітшілік туралы келіссөздер жасауға қолайлы жағдайды табуды ұсынды.