Түркістан облысы Сіргелі ауылында әжетханаға құлап кеткен 3 жасар Асылымның өлімі туралы жаңа деректер пайда болды. Алғашында қыз абайсызда дәретханаға өзі түсіп кеткен деп айтқанымен, енді оны біреу итеріп жіберген деп айтылды, деп хабарлайды Ozgeris.Info.
Мамырдың ортасында таңғы 09:00 шамасында Асылым кенеттен жоғалып кетті. Үш күннен соң оның мәйіті қарсы беттегі үйдің әжетханасынан табылды.
Сарыағаш сот-медициналық сараптамасы қыздың бетінде аздаған сызаттар, арқасында көгерген жерлерді анықтады. Бұл жарақат дәретхана тесігіне құлаған кезде болды деген болжам пайда болды. Мамандар Асылым әжетханаға өзі құлаған деген қорытындыға келді.
Тергеу қайта басталып, Асылымның өлімі қасақана кісі өлтіру екені көп ұзамай белгілі болды. Асылымның үйіне қарама-қарсы тұратын 16 жастағы көршісі күдікке ілінді.
“Бойжеткен кінәсін мойындады. Тергеу барысында күдіктінің шизофрениямен ауыратыны анықталды. Бірақ орта мектепте 9 сынып оқитын қыз қалай ауру болып қалды”, – деп жазды журналист Гүлмира Абықай.
Жағдайға Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі түсініктеме берді.
“Полиция 3 жасар қыздың мерт болу фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, оның денесі мамырда Сарыағаш ауданында дәретханадан табылған. Тергеу іс-шаралары барысында бұл оқиғаға кәмелетке толмаған күдіктінің қатысы болуы мүмкін екендігі анықталды.
Анықталған жағдайларға байланысты және күдіктінің психологиялық жағдайын ескере отырып, ол мамандандырылған медициналық мекемеге орналастырылды.
Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайларын толық және жан-жақты анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Полиция ақиқатты анықтауға және заңды шешім қабылдауға бар күшін салады”, – деді ПД баспасөз хатшысы.
1 айдан кейін көрші үйдегі тағы бір қыз сол дәретханаға құлап кете жаздады, бірақ дер кезінде құтқарылды. Аман қалған 5 жасар Нұрай оны біреу итеріп жібергенін айтыпты.
ПІКІР ЖАЗУ