Ауру тарап жатыр: Шымкентте шектеулер енгізілмек

Фото: baikal-daily.ru

Шымкент әкімдігі малда бруцеллез инфекциясының анықталуына байланысты шектеу шараларын енгізуді жоспарлап отыр. Ветеринария және ауыл шаруашылығы басқармасы әзірлеген бұйрықтың жобасы «Ашық НҚА» сайтында жарияланды, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Құжатқа сәйкес, Шымкент қаласының әкімдігі Т.Құрасбек пен Бабыр көшелерінің бойында шектеу іс-шараларын белгілеуге қаулы етті. Шектеулерге сай, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты әкетуге және әкелуге тыйым салынады. Бұл шаралар мал басы толық сауыққанға дейін қолданылады.

  • Бруцеллез – ұсақ мал мен ірі қараға әсер ететін жұқпалы ауру. Бұл жануарларға ғана емес, адамдар үшін де қауіпті. Өйткені ол жануарлардан алынатын өнімдер мен жұқтырған жануарлармен байланыс арқылы адамдарға жұғуы мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, Шымкентте мал ауруынан бөлек жәндіктерден де келетін қауіптің беті қайтпай тұр. Шілде айының ортасында кене шағып, Конго-қырым қанды геморрагиялық қызбасынан ер адам қайтыс болды. 61 жастағы азамат Шымкент қалалық инфекциялық емханада көз жұмған. Дәрігерлердің айтуынша, кене шаққан 3 адам ауруханаға жатқызылған.

Мамандар кене шаққан кезде оны қолмен жұлып тастауға немесе өзге адамға қолмен алдыруға болмайды деп отыр. Ондай кезде дәрігерге қаралап, маманның қадағалауымен алынуы керек. Ал егер дене қызуы көтеріліп, қанау белгілері пайда болса, шұғыл түрде дәрігердің көмегіне жүгіну қажет.