Руханиятқа инвестиция құюдың ел болашағы үшін шешуші маңызы бар. Түркияда «Еуразия зерттеулері» мамандығы бойынша докторантурада оқып жүргенімде тілге, әдебиетке, өнерге демеушілік жасап, қолдау көрсеткен адамдарды көп көрдім. Біздің елде де қазіргі таңда мұндай адамдар біршама бар. Шүкір.
Ұлтқа қызмет ету намысты да талап етеді. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында ұлтын өрге сүйреп, келер ұрпақтың есті болып жетілуін мақсат тұтқан оқыған қазақ азаматтарына моральдық және қаржылық қолдау көрсеткен ұлттық буржуазия тобы болды.
Мұхаметхан Сейітқұлұлы, Қаражан Үкібайұлы, Әбдірахман Жүсіпұлы, Әнияр Молдабайұлы, Салық Омарұлы, Медеу Оразбайұлы, Ике Әділұлы, Хасен Ақайұлы, Ыбырай Ақпайұлы, ағайынды Бекметтер, Маман балалары Тұрысбек, Сейітбаттал, Есенқұл және Тобанияз Әлниязұлы сынды қазақ байлары түрлі бағыттар бойынша елге мейлінше өз пайдаларын тигізді. Мысалға алатын болсақ, біреулері мектептер мен медреселер ашса, енді біреулері қаншама жанның өміріне өзгеріс енгізіп, жоғарғы оқу орындарында оқуға жағдай жасап, шәкіртақыларын да төлеп тұрды. Қазақ баспасөзінің өркендеуіне де атсалысқандары бар.
Мұхаметхан Сейітқұлұлының (Абайтанушы Қайым Мұхаметханұлының әкесі) үйі белгілі мәдениет қайраткерлері, жазушылар мен баспагерлердің кездесулері және қазақ халқын саяси аренаға, азаттық жолына, ағартушылыққа шақырған Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабай, Мұхаметжан Тынышпайұлы, Халел Ғаббас, Сұлтанмахмұт Торайғыр сияқты ірі қоғам қайраткерлері үшін ашық болатын. Абай, Шәкәрім әулеттерімен, шәкірттерімен жиі араласып тұрған. Мұхаметхан Сейітқұлұлы – «Сарыарқа» газеті, Жүсіпбек Аймауытұлы мен Мұхтар Омарханұлының редакциясымен шығарылған «Абай» журналын қаржыландырғандардың бірі. Ол көптеген ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, тарихи-әдеби мұраларды хатқа түсіріп, қазақ халқының рухани дамуына ықпал етті. «Сарыарқа» газеті мен «Абай» журналының демеушілері қатарында Қаражан Үкібайұлы да бар.
Алаштың оқыған көп азаматтары Қаражан үйінде тұрды. Ал Әбдірахман Жүсіпұлының үйінде «Сарыарқа» газетін, «Абай» журналын басып шығарған «Жәрдем» баспаханасы орналасты. Абайдың тәрбиесін көрген Әнияр Молдабайұлы болса, сол кездегі мемлекеттік банктің қазақ арасынан шыққан тұңғыш қызметкері еді.
Әлихан Бөкейханның басшылығымен «Алаш» партиясының Семей облыстық комитеті құрылған кезде Әнияр Молдабайұлы оның қазынашысы ретінде бекітілді. Әнияр Молдабайұлы өз заманында көрнекті қазақ интеллигенттерімен тығыз байланысқан. Әнияр Молдабайұлының үйінде Абайдың қырқы берілгенін айта кеткен жөн. Хасен Ақайұлы да «Қазақ» газетіне қаржылай көмек көрсеткен екен. 1915 жылы «Қазақ» газетінде «Ауқатты алаш азаматтарына» атты мақалада газет ісіне қаржылай жәрдемдесу жөнінде үндеу жарияланды.
Маман байдың ұрпақтары қол ұшын созғандардың қатарында болды. Жетісудың атақты байы Маман балалары Тұрысбек, Сейітбаттал және Есенқұл қажылар «Мамания» мектебін салды. Бұлар қазақ меценаттарының мұрындық болған игі істерінің бір парасы ғана.
Алаш қайраткерлерінің әлеуметтік тірегі осындай меценаттар еді. Қайтсек жұрт боламыз? Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Күшіміз бірлікте екенін ұмытпайық!
Қуаныш Жұмабекұлы
PhD докторы, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы
ПІКІР ЖАЗУ