Атырауда он күнде 321 жүргізушіден 7,8 млн теңге айыппұл өндірілді

Атырау облысында он күнде 321 жүргізушіден 7,8 млн теңге айыппұлы өндірілді. Жүргізушілердің көлігінің дені транзиттік және шетелдерде тіркеуде тұр.

Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, «Кибер-Шериф» қондырғысы орнатылған арнайы патрульдік көліктер жол ережесін өрескел және бірнеше мәрте бұзған жүргізушілерді тез анықтауға ықпал етіп отыр.

«Соңғы он күннің ішінде 321 автокөліктің жүргізушісінен 7 млн 810 мың теңге көлемінде айыппұл өндірілді. Жүргізушісі айыппұл төлеген автокөліктердің басым бөлігі транзиттік және шет мемлекеттерде тіркеуде тұрғаны анықталды. Мәселен, Армения Республикасында тіркеуде тұрған KIA автокөлігінің жүргізушісі бір жыл ішінде 16 рет жол ережесін бұзған. Сол үшін 463 мың теңге айыппұл салынған. Алайда, аталған көлікке иелік еткен 29 жастағы жүргізуші айыппұлын төлеуден жалтарып жүргені белгілі болды. Оның автокөлігі арнаулы тұраққа қойылды. Ал, жүргізушіге қатысты заң шеңберінде тиісті шара қабылдау мәселесі қолға алынды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.