Көкшетаулық «Арлан» хоккей клубын атыраулық «Бейбарыспен» өткен матчтан кейін қонақүйге дейін СОБР- жасағымен шығарып салуға тура келді, деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі halyqstan telegram арнасына сілтеп.
Мәселе мынада: финалдық сиренадан кейін мұз сарайының бірнеше жерінде бір мезгілде төбелес басталды.
Қақтығыстарға клубтардың бапкерлері, персоналы және ойыншылары араласты. Көрермендер әсіресе екі хоккейшінің мұз айдынынан тыс жерде жекпе-жекке шыққанын ұмытпайды: «Бейбарыс» ойыншысы «Арлан» хоккейшісін құлатып, конькиімен ұра бастады.
Айта кетерлігі, жаппай төбелес ойын трансляциясына түсіп, «Бейбарыс» клубына қатысты сынның көбеюіне себеп болды.
Клубтың баспасөз қызметі әзірге бұл жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Айта кетейік, бұл Қазақстан чемпионатындағы тұрақты маусымның соңғы матчы болды – «Арлан» 4:0 есебімен жеңіске жетті. Ал атыраулық клуб турнир кестесінде 9-орынға тұрақтап, плей-офф кезеңіне өте алмады.
Полиция департаменті оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады:
«14 ақпан күні сағат 21:00 шамасында Мұз сарайының ғимаратында 21 жастағы екі хоккейші арасында өзара түсініспеушілік негізінде жанжал орын алды. Екеуі де полиция бөліміне жеткізіліп, бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Жиналған материалдар сотқа жолданды. Зардап шеккендер жоқ».
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру