Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Бейбіт Атамқұлов отандық бизнесті көрші елдің тоқыма-тігін кластерін дамытудағы тәжірибесінен үлгі алуға шақырды, деп хабарлайды Ozgeris.Info.
«Мен өзім өңірлерге барып, мақта-тоқыма кластерінің мүмкіндіктерін көрдім. Бұл секторда 1500-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Қазақстанға осы тәжірибе ауадай қажет. Өйткені мақта-тоқыма саласындағы қайта өңдеу деңгейі тым тереңдеп кеткен. Мақта алқабынан экспортқа дейінгі құрамдас саланың бәрі жолға қойылған. Оның бәріне мемлекет тиісті деңгейде жеңілдіктер мен қолдау ұсынып отыр. Осының арқасында өсім де жақсы. Бұл саладағы өсім 3 млрд долларға дейін жетіп отыр», — деді ол.
Оның айтуынша, Өзбекстандағы өзге де салалардың дамуы Қазақстан бизнесіне жаңа мүмкіндіктер ашады.
«Екіжақты әріптестік туралы айтқан кезде екі бағытта да жол ашық болғаны маңызды. Сондықтан біз өзбекстандық бизнесті де Қазақстан нарығына белсендірек кіруге шақырамыз. Бұл нарықта әрбір кәсіпорын лайықты серіктесін тауып, идеясын іске асыра алады», — деді Бейбіт Атамқұлов Қазақстан-Өзбек іскерлік кеңесінің отырысында.
ПІКІР ЖАЗУ