«Туған өлкеге сағыныш». Атамекен әнінің тарихы қандай?

Abaу.tv

Биыл — «Атамекен» әніне 55 жыл, ал марқұм Ескендір Хасанғалиев 85 жасқа толар еді. Композитордың ұлы Біржан Хасанғалиев сұхбаттарының бірінде туындының тарихы туралы айтып берді, — деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі.

«Атамекен» әні 1970 жылы шыққан. Бастапқыда туған өлкеге деген сағыныштан әуен туады. Ұзақ толғаныстардан кейін, әуенге сөз жазылады. Дайын болған соң, Ескендір Хасанғалиев оны Қадыр Мырза Әліге тыңдатады. Әуен ақынға бірден ұнап қалады. Ол әкеме: «Рухты оятып, жігер-күш беретін нағыз патриоттық ән екен. Оны бір ауылға немесе бір облысқа емес, бүкіл қазақ халқына арнау керек» деп ұсыныс жасайды», — дейді ол.

Оның айтуынша, бұл ән бірден халық жүрегінен орын тапқан.

«Ұлт руханиятында есімдері алтын әріппен жазылған Қадыр Мырза Әлі мен Ескендір Хасанғалиевтің шығармашылық одағынан туған туынды бірден халық сүйіспеншілігіне бөленеді. Қазақ жерінде емес, шетелдерде де танылды. Жарты ғасырдан астам уақыт бұрын жазылған мағыналы ән бұл күнде өз рухын жоғалтқан жоқ. Кез келген қазақ концертінде шырқалады. Бірде-бір мемлекеттік деңгейдегі мерекелік салтанатты жиын «Атамекен» әнінсіз өтпейді. Бұл — қазақ жүрегінің жырына айналған ән», — дейді ол.

Расында екінші Әнұранға айналған әнді қазір көбі жатқа біледі.

Еске салайық, бұған дейін Біржан Хасанғалиев Ескендір Хасанғалиевтің тегіне қатысты сұраққа жауап берген еді.