Қазақ баласы Нью-Йорктегі университеттердің біріне оқуға да түскен.
Тележүргізуші Жанар Байсеміз америкалық отбасы асырап алған жігіттің қазіргі кезде үйсіз қалғанын айтып, көпшілікті оны қолдауға шақырды, — деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Шетелдегі қазақ балалары» бағдарламасының кезекті кейіпкері Сұлтан Кәрімов 1999 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Америкалық отбасы оны 3 жасында асырап алған.
«Шетелдегі қазақ балалары» бағдарламасына түскен баламыз қазір өмірдің ауыртпалығын тартып жүр. Үй-күйсіз далада түнеп жүр екен. Тұратын жері жоқ. Асырап алған адамдардан қайыр жоқ. Сұлтан бұған дейін Нью-Йорктегі белді университетке түскен еді. Алайда тұрмыс тапшылығынан оқуына бара алмай жүр. Өзі өте білімді, талантты жігіт. Мүмкін біздің қолдауымыздан кейін аяғынан тұрып кетер», — деп жазды жоба авторы.
Америкалық ата-анасы оған Ноа Маршалл есімін қойған. Сұлтанмен бірге, тағы бір ұл бала асырап алған.
«2002 жылы мені АҚШ-қа алып кетті. Өзімнен бір жас кіші інім бар. Оны да сол балалар үйінен асырап алған. Асырап алған ата-анам мен сегіз жасқа келгенде ажырасып кетті. Сөйтіп, екі үйдің арасында өстік. Интернеттен ата-анамды іздедім. Анамды табатын шығармын деген үміт болады. Құжаттарда туған әкем қайтыс болғаны жазылған. Шын ба, өтірік пе білмеймін», — дейді Сұлтан Кәрімов.
Жанар Байсеміз үйсіз жүрген Сұлтанға көмек көрсету үшін, реквизит қалдырды. Қазіргі уақытта 600 мың теңгедей жиналған.
ПІКІР ЖАЗУ