Екінші дүниежүзілік соғыс миллиондаған отбасына үлкен қасірет пен қайғы әкелгені рас. Сондай отбасының бірі – Алматы облысы Райымбек ауданы Қарасаз ауылында тұратын Темірбековтер отбасы. Соғыс басталғаннан кейін мектепті жаңа бітірген Асанғазы Темірбеков 1942 жылдың 1 қаңтарында майданға өзі сұранып аттанады, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Көп кешікпей Асанғазының әкесі Темірбекке орын беріліп, майдандағы әскерлерге киім даярлау үшін Нарынқолдағы «Өндіріс комбинатына» жұмысқа тұрып, отбасымен көшіп келеді. Олар майдандағы жауынгерлерге пима, байпақ, тон, қолғап тігеді.
Темірбек өз ісінің шебері болғандықтан, 10 жастағы ұлы Құдайбердімен бірге пима басатын цехта жұмыс істейді. Ал 17 жастағы қызы Мәрия анасымен бірге тігін цехында киім тікті. 9-10 жастағы Нұр да әкесі мен ағасына көмектеседі. Өндірістік комбинаттағы жұмысшылар күн сайын 18 сағат жұмыс істеп, майданға қажетті киім-кешек жөнелтіп отырған. Жұрттың бәрі әскери тәртіппен жүріп, «Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін» деген ұранмен еңбек етті. Тылдағы еңбекте Темірбековтер отбасы озаттар қатарында көрінеді. 13 жастағы Құдайберді әкесінен үйренгендерін бала жастан тез меңгеріпті. Тігін цехында Сүлейхан мен Мәрияның да еңбегі еленеді.
Майдандағы Асанғазы
Ал майданға кеткен Асанғазының амандығын тілеп, отбасы жиі хат күтіп, зарығып күн кешеді. Арасында хат келіп тұрады: Мәскеуді қорғауға аттанғанын, кейін Калининград майданына қатысқанын жазады. Тағы бір хатында Ржев пен Великие Луки қалаларын азат еткенін, ал кейінгі хатында «Ерлігі үшін» медалімен марапатталғанын айтады. 1943 жылдың 26 қазанында Асанғазы «Невель қаласын алдық, алда ауыр айқас күтіп тұр. Осыдан аман шықсам, хат жазамын» деп жазады. Осы хаттан кейін байланыс үзілген.
Хабарсыз кеткен батыр
1945 жылдың аяғында Алматы облысы Кеген аудандық әскери комиссариатынан «Асанғазы Темірбеков соғыста хабарсыз кетті» деген қара қағаз келеді. Отбасы бұл хабарға сенбей, үміттерін үзбейді. Асанғазының бауырлары Құдайберді, Болат және қарындасы, Ресейдің еңбек сіңірген ғылым қайраткері Сұлухан іздеуді жалғастырады. КСРО Қорғаныс министрлігіне сұрау салып, Подольскі мұрағатынан Асанғазының соғысқан жерлеріндегі құжаттар табылып, оның Невель қаласының маңында қаза тапқаны анықталады.
Ұрпақ аманаты
2010 жылы Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында, Асанғазының туыстары оның зиратын тауып, есімін бауырластар зиратынан көреді. Сол жылы Болат бастаған отбасы мүшелері Қарасазға батырдың топырағын алып келеді. 2012 жылы Ұлы Жеңістің 67 жылдығында Асанғазы оқыған Қарасаз ауылындағы мектепке жауынгердің ескерткіш тақтасы орнатылады. Хабарсыз кеткен Асанғазының ерлігі осылайша елге белгілі болады.
Отбасы жыл сайын батырдың басына барып, тағзым етуді ұмытпайды. Әр жылдың 9 мамырында олар Невель қаласына барып, батырдың рухына құрмет көрсетеді. Бұл сапарлар ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, батырлықты ұлықтаудың символына айналған.
ПІКІР ЖАЗУ