Sergek жүйесінің орнына елордада жасанды интеллект негізіндегі жаңа қалалық инфрақұрылымды басқару жүйесі іске қосылады. Жобаны Presight халықаралық компаниясы жүзеге асырады. Бұл компания G42 холдингінің құрамына кіреді және Абу-Дабидегі ADX биржасында листингке енгізілген.
«Жоба 2030 жылға дейін есептелген, ал инвестиция көлемі 53 млрд теңгені құрайды. Қаржыландыру толықтай жеке әріптес есебінен қамтамасыз етіледі, ал жұмыстың 60%-ын қазақстандық компаниялар орындайды. Инвесторға төлемдер тек жоба толығымен іске қосылғаннан кейін ғана жүргізіледі», – деді Дидар Сүлейманов.
Қазіргі таңда Астанадағы қолданыстағы инфрақұрылым Presight басқаруына беріледі. Компания 10 мың жаңа жасанды интеллекті бар камера, 502 заманауи аппараттық-бағдарламалық кешен (ЖҚЕ бұзушылықтарын бақылау үшін) және 8 мың камера (мектептер, балабақшалар, вокзалдар, әуежайлар секілді адамдар көп жиналатын орындарға) орнатуы қажет.
Жаңа жүйе 15 түрлі жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын және 50 түрлі интеллектуалды бейнеталдау функциясын қамтитын болады. Сонымен қатар бірыңғай жағдайлық орталық құрылады, онда мәліметтер талданып, жедел шешімдер қабылданады.
Бұл жүйе телефонмен сөйлесу, қауіпсіздік белдігін тақпау, рұқсат етілмеген жерде тоқтау секілді ережебұзушылықтарды автоматты түрде тіркейді. Сондай-ақ төбелес, қару, қаңғыбас жануарлар, заңсыз қоқыс үйінділері секілді қауіптерді болжай отырып, қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Елордада 6 мыңға жуық Sergek бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Sergek Астанадан бөлек, Қазақстанның тағы 12 қаласында қолданыста.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру