Отан қорғаушылар күні аясында Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық әскери оркестрі астаналықтарға өнерлерін көрсетті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қалыптасқан дәстүр бойынша әскери музыканттар елорданың халық ең көп жиналатын орталық саябағында өнер көрсетіп, қала тұрғындары мен қонақтарын Отан қорғаушы күнімен және Жеңіс күнімен құттықтады.
ҚР Қарулы күштерінің бас әскери дирижері, подполковник Алмас Ибрагимовтің сөзінше, Орталық әскери оркестр ұжымы мұндай жиындарға ерекше мән береді.
«Бүгінгі жиын елордада алғаш рет емес және соңғы рет деп айтуға болмайды. Ылғи да оркестр халық көп жиналатын орындарда, саябақтарда және түрлі ойын-сауық орталықтарында өз өнерлерін көрсетіп жатыр. Жалпы оркестірімізде 34 адам бар. Олар бүгін танымал композицияларды орындайтын болады. Жалпы мұндай жиындар қала тұрғындарының патриоттық сезімдерін оятады. Бұл жолы да әскери музыканттар тыңдаушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлай алды деп толық сеніммен айтуға болады»,- дейді ол.
Бас дирижердің айтуынша, әскерилер бір сапта тұрып ән орындау үшін ұзақ уақыт дайындалады.
«Әскери оркестр мұндай жиынға 2-3 аптадан бастап 2-3 айға дейін уақытта дайындалады. Ол орындайтын композицияның күрделілігіне байланысты. Оркестрге кез келген әскери адамды ала алмаймыз. Ол үшін азаматтың кем дегенде орта музыкалық білімі болуы керек. Одан бөлек үрмелі немесе соқпалы аспаптарда ойнай алуы керек»,- дейді бас дирижер Алмас Ибрагимов.
Фото: Астана әкімдігі
ПІКІР ЖАЗУ