Астана қаласының әкімдігі демалыс күндері ЭКСПО маңында ұйымдастырылған тәжік жәрмеңкесіндегі «жабайылықты» түсіндірді.
26 тамызда Қазақстандағы Тәжікстанның мәдени күндері аясында Астанада ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп тауарларының көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған 300-ден аса ауыл шаруашылығы кәсіпорны мың тоннадан аса өнім жеткізген-ді.
Жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы өнімдері тегін таратылды. Әлеуметтік желіде тараған видеодан адамдардың түрлі өнімді жанталасып алып жатқанын көруге болады.
Шынында да адамдар ауыл шаруашылығы өнімдерін алып кетті. Тәжікстандық әріптестеріміз «Өнімдерді алуға болады. Себебі олар күннің астында бұзылып кетуі мүмкін» деген ұстанымда болды. Тауарлар (тұрғындардың) қызығушылығын тудырды.
Бүгінде бізде Тәжікстаннан қарбыз әкелінбейді. Өйткені оны тасымалдау өте қымбат. Сондықтан адамдар Тәжікстаннан әкелінген тәтті қарбыз бен қауынның дәмін татуға қызықты. Шынында олар өте дәмді болды. Мен одан ауыз тиіп үлгердім.
Сондықтан адамдар тәжік достарымыздың өнімінен дәм татқысы келді деп ойлаймын, — деді Астана қаласы әкімдігі инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Оның пікірінше, тәжік жәрмеңкесіндегі «жабайылықты» есептемегенде, іс-шара өте жақсы өткен.
Себебі төбелес немесе басқа жағымсыз жағдайлар болмады. Олар (тәжік шаруалары) 2 күнде мың тонна өнімін сатты. Сондай-ақ олар өнімдерді тегін таратты, — деді әкімдік өкілі.
ПІКІР ЖАЗУ