Астана әуежайын дамытуға 1,1 млрд доллар көлемінде инвестиция тартылады. Бұл туралы Қазақстанның Көлік министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Terminals Astana Airport Limited компаниясы арасында жасалған инвестициялық келісім аясында белгілі болды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Келісімге сәйкес, инвестор екінші ұшу-қону жолағын, үшінші жолаушылар терминалын, жүктерге арналған cargo терминалын салып, индустриялық-логистикалық аймақ, қонақ үйлер, сауда алаңдары және логистикалық терминалдары бар көпфункционалды аэротрополис кешенін дамытуға міндеттеледі. Сонымен қатар арнайы техника паркін жаңарту, цифрлық шешімдер мен автоматтандыру жүйелерін енгізу, әуежай қызметкерлерін халықаралық авиациялық стандарттарға сәйкес оқыту көзделген. Бұл шаралар әуежай инфрақұрылымының заманауи талаптарға сай болуын қамтамасыз етеді.
Сонымен бірге Қазақстанның Көлік министрлігі мен БАӘ энергетика және инфрақұрылым министрлігі арасында автомобиль көлігі саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум техникалық білім мен тәжірибе алмасуды, сондай-ақ Қазақстан мен БАӘ арасындағы автомобиль көлігімен халықаралық тасымалдауды реттейтін үкіметаралық келісімді қамтиды. Аталған инвестициялық жоба Астана әуежайын тек көлік хабы ретінде ғана емес, көпфункционалды халықаралық орталыққа айналдыруды көздейді.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру