Танымал тележүргізуші Майя Бекбаева Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары қызметінен босатылғанына қатысты пікірін білдіріп, қызмет кезінде атқарған ісі жайлы айтып берді.
Бекбаева Instagram желісінде ҚХА төрағасының орынбасары қызметінен босатылуына байланысты пікірін жазды.
«Ресми түрде. Менің Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары ретіндегі өкілеттілігім аяқталды. Бұл лауазым ротацияланатынын және ережеге сәйкес жыл сайын ауыстырылып отыратынын еске салғым келеді. Жұмысыма келетін болсақ, осы уақыт ішінде мен Қазақстанның барлық аймақтарын аралап, елімізді күн сайын өз еңбегімен құрып жатқан көптеген қарапайым адамдармен танысуға мүмкіндік алдым!
Мемлекетіміздің басты ресурсы мен күші бейжай қарамайтын, еңбекқор адамдар екеніне тағы да көз жеткіздім. Олар әр облыста, әр қалада, ауданда, ауылда бар. Бұл адамдардың барлығы халқымыз бен қоғамымыздың таңдаулы өкілдері, ізгі ниет пен мейірімділік елшілері», – деді Qazaq TV телеарнасының директоры.
«Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы айтатын болсақ, мен біреулердің «Ассамблеяның қажеті жоқ, пайдасыз, оны тарату керек» деген пікірлерін жиі естимін, оқимын, бұл ұйымда бір жылдан астам жұмыс істей келе, Ассамблея керек деп айтар едім!», – деді ол.
ҚХА төрағасының экс-орынбасарының айтуынша, Ассамблея жұмысы бірден көзге түсе бермейтін бірегей қоғамдық институт.
«Иә, Ассамблея зауыттар салмайды, мұнай өндірмейді, қылмыскерлерді ұстамайды, егін екпейді, бірақ Ассамблея – белсенділері мен мүшелерінің күнделікті тынымсыз еңбегінің жемісі: үйлер өртеніп, әйнектер мен көліктер соғылып, адамдар азап шегіп, өліп кетуі мүмкін жерлердегі әрбір шешілген жанжал, бейбіт күн, тыныш түн.
Жыл сайын біздің бейбіт және гүлденген мемлекетте өмір сүріп жатқанымыз, басқалармен қатар, Ассамблеяның сіңірген еңбегі, оның нығайтып отырған құндылықтары мен мұраты!» – деді Майя Төлегенқызы.
Сондай-ақ, Бекбаева өз орнына келген мамандарға сәттілік тіледі.
«Бұл артында нағыз іс пен үлкен жетістіктер, тәжірибе мен білім тұрған тамаша азаматтар. Олар Ассамблея жұмысына жаңа қуат әкелетін кәсіби мамандар мен патриоттар. Оларға шын жүректен табыс тілеймін! Ал мен, өз кезегінде ел басшылығына көрсетілген сенім үшін алғысымды білдіргім келеді», – деп түйіндеді сөзін Бекбаева.
Еске салсақ, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) төрағасының жаңа орынбасарларын тағайындаған еді. Бұл қызметке мәжіліс депутаты Наталья Дементьева мен «Қазақстан татарлары мен башқұрттарының конгресі» РҚБ басқарма төрағасы Тауфик Каримов тағайындалды.
”ozgeris.info” порталы
ПІКІР ЖАЗУ