Сарапшы: Өңірлердегі өлім-жітім — жасырын әлеуметтік дағдарыс

Фото: crimea.ria.ru

2024 жылғы деректерге сүйенсек, Қазақстанда өлім-жітім деңгейі өңірлік, гендерлік және әлеуметтік теңсіздікті айқын көрсетіп отыр. Сарапшылар бұл тек демографиялық көрсеткіш қана емес, елдегі жүйелі мәселелердің көрінісі екенін айтады. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты зерттеп көрді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылы ел бойынша өлім-жітім деңгейі — әр 1000 адамға шаққанда 6,8. Бірақ бұл тек орташа көрсеткіш. Шын мәнінде, өңірлер арасында алшақтық өте үлкен.

Өңірлік айырмашылықтар қандай?

Ең жоғары өлім-жітім Ұлытау облысында тіркелді — 8,0. Одан кейін Солтүстік Қазақстан — 7,69 және Шығыс Қазақстан — 7,46. Ал республикалық маңызы бар қалаларда бұл көрсеткіш едәуір төмен: Алматы — 5,2, Астана — 5,3, Шымкент — 6,0.

Тәуелсіз сарапшы Руслан Сұлтановтың айтуынша, бұл айырмашылықтардың басты себебі өңірлік әлеуметтік-экономикалық теңсіздік.

«Көрсеткіші жоғары өңірлерде сапалы медициналық көмек қолжетімсіз және инфрақұрылым артта қалған», — дейді ол.

Гендерлік теңсіздік — тағы бір өткір мәселе

Ерлер арасындағы өлім-жітім көрсеткіші барлық өңірде әйелдерге қарағанда жоғары. Мысалы, Ұлытау облысында ерлердің өлім коэффициенті — 9,27, ал әйелдерде — 6,77. Суицид, жүрек-қан тамырлары аурулары және сыртқы себептер (ЖКО, тұрмыстық зорлық, өндірістік жарақаттар) ерлер арасында анағұрлым жиі кездеседі.

Өлімнің негізгі себептері (100 мың адамға шаққанда):

  1. Жүрек-қан тамырлары аурулары — 138,07
  2. Жүйке жүйесінің аурулары — 120,45
  3. Тыныс алу жолдары аурулары — 62,20
  4. Ісік аурулары — 61,78
  5. Сыртқы себептер — 51,96

Суицид көрсеткіші де алаңдатарлық — 7,45. Ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш қалаларға қарағанда әлдеқайда жоғары — 10,34 және 5,81 сәйкесінше. Бұл ауыл мен қала арасындағы психологиялық және әлеуметтік қолдаудың теңсіздігін көрсетеді.

«Бұл көрсеткіштер ауылда өмір сүру сапасы мен медицинаның ақсап тұрғанын дәлелдейді. Ауыл тұрғындары денсаулықтың негізгі көрсеткіштері бойынша осал топ болып қала береді», — дейді сарапшы.

Неліктен мұндай айырмашылықтар бар?

Сарапшылар бірнеше себепті атады.

  • Медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігі. Ауылдарда білікті мамандар жетіспейді, заманауи құрал-жабдықтар жоқ, жедел жәрдем баяу келеді.
  • Әлеуметтік-экономикалық жағдай. Жұмыссыздық, кедейлік, дұрыс тамақтанбау мен ауыр еңбек жағдайлары — аурулар мен өлім-жітімнің көбеюіне себеп.
  • Медициналық сауаттылықтың төмендігі. Тұрғындар арасында алдын алу шараларына мән берілмейді, дәрігерге тек ауырған кезде ғана барады.
  • Гендерлік мінез-құлық. Ер адамдар арасында қауіпті әрекеттер мен өз денсаулығына салғырт қарау жиі кездеседі.

Не істеу керек?

Сарапшылар бұл көрсеткіштерді төмендету үшін нақты әрі кешенді шаралар қабылдау қажет екенін айтады.

  • Ауылдық жерлерде медициналық қызмет сапасын көтеру: телемедицина, жылжымалы клиникалар, дәрігерлерге арналған ынталандыру бағдарламалары.
  • Әлеуметтік қолдау саясатын күшейту: кедейлікпен күрес, халықтың өмір сапасын арттыру.
  • Медициналық және психологиялық сауаттылықты арттыру: халықпен жүйелі ақпараттық жұмыс жүргізу.
  • Ер адамдарға арналған алдын алу бағдарламаларын енгізу: суицидтің, жүрек аурулары мен сыртқы себептердің алдын алу.

Маманның айтуынша, өлім-жітім — жай ғана статистика емес.

«Өңірлер, жыныс және елді мекен түрлері арасындағы осындай айырмашылық сақталатын болса, Қазақстанда теңсіздік тереңдеп, еңбек әлеуеті төмендеп, адами капитал сапасы нашарлауы мүмкін», — дейді Руслан Сұлтанов.