Депутат Асхат Аймағамбетов салық реформасына қатысты өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, бұл бастамамен жұмыс істеу үшін үлкен мінез қажет. Мысал ретінде ол қазіргі уақытта салық реформасын жүргізіп жатқан Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғаринді атады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Аймағамбетов реформа халық арасында аса танымал еместігін ашық айтты. Оның сөзінше, мұндай бастамалардан үлкен абырой табу қиын. Дегенмен, халыққа ұнай ма, ұнамай ма, елдің болашағы үшін қажетті шешімдерді қабылдай алатын азаматтардың болуы өте маңызды деп санайды.
«Тек әдемі сөйлеп, сұхбат беріп, форумдарда көрінуді қалайтын шенеуніктер аз емес. Бірақ мен қиын шешімдерге бара алатын, барлық жауапкершілікті мойнына ала алатын адамдарды құрметтеймін», – деді депутат.
Аймағамбетов ел үшін маңызды реформаларды жалтақтамай жүргізе алатын мамандардың қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, елге дәл осындай азаматтар керек.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру