Cаясаткер Бәйменовтің «құрметіне» мембюджеттен қаржы бөлінді

Екі мыңыншы жылдары «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясының тең төрағасы болған, кейіннен «Ақжол» партиясын басқарып, ұзақ жылдар бойы мемлекеттік лауазымды қызметтердің тізгінін ұстаған, бүгінгі таңда Астана мемлекеттік хабы Басқарушы комитетінің төрағасы қызметін атқарып отырған, саясаткер Әлихан Мұхамедияұлы Бәйменовтің жерлестері оның құрметіне арнап мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлген. Бұл туралы «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы хабарлайды «Адырна» ұлттық порталына сілтеме жасап.

Әлихан Бәйменовтің саяси өмірбаяны қалың оқырманға етене таныс. Сөйтсе де, саясаткердің 1959 жылы қазіргі Ұлытау облысының Ұлытау ауданына қарасты Қарсақпай ауылында дүниеге келгенін еске сала кеткіміз келеді. Яғни, Жезқазған өңірі мемлекет қайраткері саналатын Әлихан Мұхамедияұлының туған жері. Сол Жезқазған қаласының «Дене шынықтыру және спорт бөлімі» қазан айында Әлихан Бәйменовтің құрметіне арнап тоғызқұмалақтан жасөспірімдер арасында республикалық турнир өткізбек.

«Satypalu.gov.kz» сайты 11 тамыз күні «Республиканский турнир по тогызкумалаку среди школьников в честь президента Всемирной и Республиканской федерации тогызкумалака Байменова Алихана Мухамедиевича. 2008-2009 гг. среди юношей (14-15 лет)» атты тендер жариялаған. Шараны өткізуге Жезқазған қаласының бюджетінен 3 миллион 7 мың теңге қаржы бөлінген. Тендердің жеңімпазы 31 тамыз күні анықталады.

Әлихан Бәйменов қоғамдық негізде Дүниежүзілік және Республикалық тоғызқұмалақ федерациясының президенті екен. Жарайды, делік. Бірақ, федерация президенті өзінің құрметіне мембюджеттің ақшасына турнир өткізуі қаншалықты қисынды? Я, жерлестерінің бұл бастамасына тоқтау салмағаны қалай?

Бәйменов мемлекетке еңбегі сіңген-ақ шығар. Бірақ, тым құрығанда ол еңбектің өтеуі ретінде өтетін турнир мерейтойлық датаға сәйкес келуі керек емес пе? 64 жасқа 25 наурыз күні келген саясаткер 65 жасын тойлауды бір жыл бұрын бастап кеткені ме?

 

Қанат Бірлікұлы
«Адырна» ұлттық порталы