«Қол жұмсайтынын белгісіз жігіт хабарлаған»: Түркістан облысында асылып тұрған қызды полицейлер құтқарды

Түркістан облысында түнде өз-өзіне қол жұмсамақ болып, асылып тұрған қызды полицейлер дер кезінде құтқарып қалды. Бір қызығы бойжеткеннің өмірмен қоштасқалы жатқанын тәртіп сақшыларына павлодарлық жас жігіт қоңырау шалып, хабарлаған. Бұл туралы «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы Polisia.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға Төлеби ауданының полиция бөлмішесіне павлодарлық жас жігіттің қоңырау шалуымен басталған. Ол Түркістан облысында тұратын өзінің танысын тез арада құтқару керектігін жеткізген.

Полиция қызметкерлері хабарламадан соң бірден қыздың тұрғылықты мекенжайын анықтап, сол жерге барған. Учаскелік инспекторлар үйдің қақпасын қаққанымен, ешкім ашпаған. Кейін тәртіп сақшылары уақытты жоғалтпай қақпаның үстінен секіріп кірген.

Олардың алдынан шыққан әйел қызының өз бөлмесінде ұйықтап жатқанын айтады. Тәртіп сақшылары сенімді болу үшін үйді тексерген. Алайда олар қыздың бөлмесінде жоқ екенін және асүйде қоштасу хаты тұрғанын анықтаған.

Із-түссіз жоғалған қызды іздеген полицей үйдің төбесіне апаратын баспалдақты байқап, оған көтеріліп, сол сәтте арқанға ілулі тұрған қызды көрген.

“Учаскелік қызметкер дереу әріптесін көмекке шақырды. Олардың бірі қызды көтеріп, екіншісі ілмекті кесіп тастады. Содан кейін полиция оған алғашқы медициналық көмек көрсете бастады: олар жансызданған аяқ-қолдарын уқалап, жасанды тыныс беріп, жедел жәрдем шақырды. Қырағылық пен келісілген әрекеттің арқасында полицейлер 24 жастағы қызды өлімнен құтқарып қалды”, – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта бойжеткеннің жағдайы тұрақталған. Алайда дәрігерлер егер полицейлер бірнеше секундқа кешіккенде қыздың өмірмен қоштасуы мүмкін екенін айтты. Оқиғаның толық мән-жайы әлі де анықталып жатыр.