«Шымкент саябағындағы көлде қолтырауын жүр»: Видеоға түсінік берілді

Шымкенттегі «Жайлаукөл» саябағындағы көлде ешқандай қолтырауын жоқ. Бұл туралы саябақтың әкімшілігінен мәлім етті, деп хабарлайды «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы.

Әлеуметтік желіге видео жүктеген тұрғын «Жайлаукөл» саябағындағы көлден үлкен қолтырауын көргендігін жеткізеді. Оның сөзінше, бала-шағасымен бірге катамаранмен су үстінде серуендеп жүрген кезде 2 метрге жуық қолтырауын алдарынан кесіп өткен.

Видео авторының айтуынша, сол жерге саябақ әкімшісі шақырылған, бірақ олар қолтырауынның көлде болуы ықтималдығын жоққа шығарған.

Желіде жарияланған жазбаға пікір білдірушілер екіге бөлінді. Бірі шындық деп қабылдаса, енді бірі оқиғаға сенбейтіндіктерін жеткізуде. Арасында «Бай-бақуатты адамдар үйінде асырап отырған қолтырауынды баға алмай, көлге алып келіп тастапты», «Зообақтан қолтырауын қашып кетіпті» деген сыңайдағы жазбалар да бар.

Аталған видеоға қатысты «Жайлаукөл» саябағының әкімшілігіне хабарласып, мән-жайды білдік.

«Бұл – жалған ақпарат. Мұны түсіндіру үшін видео авторын іздестіріп едік, таппадық. Құқық қорғау органдарына жүгінгеніміз жоқ. Саябақтағы көлде ешқандай қолтырауын жоқ. Тек балықтар ғана бар», — делінген демалыс орны әкімшілігі ұсынған ақпаратта.

Сондай-ақ қала зообағына хабарласып көрдік. Мамандар мекемеден ешқандай қолтырауын қашпағандығын, барлығы орнында екендігін мәлім етті.