Үш жүктілігі сәтсіз болған: Әйел Қаскелеңдегі перзентхананың терезесінен секіріп кетті

Қаскелеңдегі перзентхананың үшінші қабатынан әйел адам секіріп кетті.

Белгілі болғандай, жүкті әйел төрт күн бұрын Қарасай орталық аудандық ауруханасының перзентханасына түскен.

«Ол бұрын үш рет жүкті болған. Алайда үшеуі де сәтсіз болды. Бірінші баласын құрсағында жатқанда жоғалтты. Екінші баласына ЭКҰ көмегімен жүкті болған. Бірақ ол баласынан да жүктілігінің 26-аптасында айырылып қалды. Кейін жоспарланған операцияға алынды», – деді аурухана қызметкерлері.

Медициналық қызметкерлердің айтуынша, оқиға болмай тұрып әйел жансақтау бөлімінде жатқан.

«Оның жанында медбике болған. Оған дәрі беріп жатқан. Әйел медбикені итеріп жіберіп, терезеден секірді. Қазір оның жағдайы тұрақты, қолы сынған», – дейді перзентхана дәрігерлері.

«Үш баланы бірден жоғалту оңай емес. Әйел босанғаннан кейінгі күйзеліске ұшыраған болуы мүмкін», – дейді мамандар.

Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, қазір әйел жансақтау бөлімінде жатыр.